Академия қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуде

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұжымы Қазақстанның бірқатар өңірінде орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуде.  Академия  қызметкерлері бір күндік жалақыларын арнайы көмек қорының есепшотына аударды.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарына арнайы жолдаған үндеуінде: «Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады» деп мәлімдеді.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Күш-бірлікте! Су тасқыны болған аймаққа көмек көрсету үшін бүкіл ел жұмылып жатыр. Әрбір аудан мен қалада жылу жинайтын орындар ашылды. Ал өңірлердегі волонтерлер клубы қайырымдылық жұмысының ауқымын одан әрі кеңейтуде.

Алыстағы ағайындарға қол ұшын созып, көмек беру ісі жалғасуда.

Біз сіздермен біргеміз, ардақты ағайын!