Президент, ең алдымен, Кеңеске қатысушыларды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан қазіргі ахуалға тоқталып, осындай кезде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымызды, осының салдары енді көрініп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінің толық нұсқасын Ақорда ресми сайтынан келесі сілтемеден оқи аласыздар: https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-gylym-zhane-tehnologiyalar-zhonindegi-ulttyk-kenestin-otyrysynda-soylegen-sozi-123450