2024 жылдың 7 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен «Тұран» университетінде Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамының (CESS) жыл сайынғы халықаралық конференциясының пленарлық отырысы өтті. Конференция 6-9 маусым аралығы төрт күнге жопарланған, іс-шара барысында 110 жуық секциялар жұмыс жасауда.
Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамы – Еуразиялық аймақтың, оның ішінде Орталық Азия елдерінің және олардың көршілес мемлекеттері мен аумақтарының зерттеушілерін біріктіретін үкіметтік емес ұйым. Аталған жыл сайынғы CESS конференциясы аймақта бірінші рет болып отыр. Бұған дейін аймақ елдерінде бірнеше жергілікті аймақтық конференциялар өткен болатын. Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен (АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Португалия, Германия, Қытай, Сингапур, Жапония және Орталық Азия елдері) Еуразия елдері мен халықтарының тарихын, мәдениетін және заманауи дамуын зерттейтін 420-дан астам ғалымдар қатысуда. Конференция аясында 110 жуық тақырыптық сессиялар мен дөңгелек үстелдерден басқа, кеңестік Қазақстан тарихын зерттеуші, Мэриленд университетінің (АҚШ) профессоры Сара Кэмерон және кинотанушы, Тұран университетінің профессоры Гүлнар Әбікеева негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі.
Халықаралық ғылыми конференцияға қатысушыларға қызықты мәдени бағдарлама, оның ішінде К.Кужамьяров атындағы Ұйғыр академиялық музыкалық комедия театры әртістерінің қойылымдары, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қолөнершілер одағы мүшелерінің жұмыстарының көрмелері, Іле Алатауына арналған фотокөрме, Орталық Азия жоғары оқу орындарының бағдарламаларының тұсаукесері ұсынылды. Конференцияда қазақстандық және қырғыз режиссерлерінің соңғы фильмдері де көрсетілді.