2024 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында (ҚР ҰҒА) Қытай ғылым және техника қауымдастығының (CAST) делегациясымен кездесу өтті. ҚР ҰҒА тарапынан кездесуге Вице-Президент Абай Серікқанов, Вице-Президент Ляззат Ералиева және Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының жетекшісі Анар Мұхтарова қатысты. CAST тарапынан атқарушы Вице-Президенті Жоғары Мәртебелі Шу Вэй мырза, Қытай халықаралық ғылыми-техникалық алмасу орталығының бас директоры Су Сяоцзюнь мырза және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Қытай ғылым және техника қауымдастығы – Қытайдағы ғылыми-техникалық қоғамдар мен қауымдастықтарды біріктіретін ірі ұлттық ұйым. 1958 жылы құрылған CAST ғылыми зерттеулер мен инновацияларды ілгерілетуде, ғылымды насихаттауда және халықаралық ғылыми-техникалық алмасуды дамытуда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында тараптар жас ғалымдармен алмасу, ғылыми-техникалық журналдардың сапасын арттыру және көпжақты механизмдер аясында өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Жоғары Мәртебелі Шу Вэй ҚР ҰҒА өкілдерін ағымдағы жылдың қазан және қараша айларында Қытайда өтетін Бүкіләлемдік ғылыми форумға және Жас ғалымдар кездесуіне қатысуға шақырды.
Тараптар ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға және өзекті ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге сенім білдірді, сондай-ақ болашақ кездесулер аясында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.