2024 жылдың 17 қазаны күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұйымдастыруымен II Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер форумының салтанатты ашылуы өтті. Бұл ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» орталығының бас академиялық қызметкері Жұмабаев Нұрдәулет Нарбекұлы, сондай-ақ ҚР Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің президиум мүшесі Надиров Нурбек Надирович қатысты.
Форум халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен арнайы делегаттар қатысты. Іс-шара жас ғалымдар мен студенттер арасында ғылыми идеялар мен тәжірибе алмасуға бағытталған негізгі алаңға айналды. Форумның басты мақсаты – ғылыми қауымдастықтағы жастарды қолдап, олардың ғылыми жетістіктерін таныстыру және маңызды зерттеулерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік беру.
Форум аясында 16 тақырыптық секция онлайн және оффлайн форматта өткізілді, онда жас ғалымдар өзекті мәселелерді талқылап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынды. Ең үздік секция қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталды.