МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТҰЛЫНЫҢ өмірден өтуіне орай көңіл хат

ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы елімізге белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТҰЛЫНЫҢ өмірден өтуіне орай көңіл білдіреді.

Мекемтас Мырзахметұлы абайтану, бауыржантану, ясауитану, сондай-ақ Абайдың ақындық ерекшеліктері мен ақын мұрасының рухани бастауларын кеңінен қарастырған. Абай шығармашылығының шығыспен байланысын, оның мораль философиясын, исламға және адамгершілік құндылықтарына қатысты мәселелерін терең зерттеген. Қараханидтер кезеңінен бастау алатын кемел адам концепциясын Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанынан бастап, Ясауидің “хал ілімі” (камили инсани) мен Абайдың “толық адам ілімі” арқылы даму үрдісін тауып, дәстүрлі жалғастығын көрсеткен.

Мекемтас Мырзахметұлы сондай-ақ Ресей империясының Қазақстандағы миссионерлік саясатының негіздерін ашып, қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердегі саяси-әлеуметтік мәнді зерттеген. Ол абайтану мен мұхтартанудың ғылыми байланысын зерттеп, Абай шығармаларын жаңа көзқараспен қарап, шығыстық мәселелер мен ойларды бүгінгі күннің талаптарына сай талдап, ғылыми айналымға енгізді.

ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұжымы атынан Мекемтас Мырзахметұлының отбасы мен туыстарына, қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз. Ғалымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!