ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың жыраулар поэзиясын, әдеби жәдігерлерін қайта жаңғыртқан абыз МҰХТАР МАҒАУИННІҢ өмірден өтуіне орай көңіл айтады.
Мұхтар Мағауин ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған қазақ поэзиясын жаңғыртып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи романы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген. Жазушының қазақ ақын, жыраулары туралы «Қобыз сарыны», «Көк мұнар» романы, «Шақан-Шері», «Гауһар» роман-дилогиясы, «Жармақ», «Шыңғыс ханның шарапаты» және өзге де шығармалары бар.
Мұхтар Мағауин кейінгі жылдары ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайта оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазған. Жазушы күллі өмірін жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз бағытына арнап жиырма жеті томдық еңбек жазып, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұжымы атынан Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің әулетіне, мұқым қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай.