Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында бір топ ғалымды елеулі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Атап айтқанда, 4 ғалым «Парасат», 15 ғалым «Құрмет» орденіне ие болды. Бұдан бөлек, 6 маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілсе, тағы 2 ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табыс етілді.
Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен қызметкерлері марапатталды.
Ғылым саласындағы елеулі жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен:
Біләлов Дархан Нұрланұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Қалтаев Айдархан – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Сұраған Дүрбітхан – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі
Тұрысбеков Ерлан Кеңесбекұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі;
Тоқбергенов Исмайыл Тасанбиұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым хатшысы
Серікқанов Абай Серікқанұлы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті
«Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы тұңғыш рет – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Бакенов Жұмабай Бекболатұлына берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.
Басқосуда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмегені, көптеген ғалымның басқа салаға ауысып кеткені жайында айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере алатынына баса мән берді. Сондай-ақ Қазақстанның болашағы отаншыл әрі білікті ғалымдардың қолында екенін, мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.
– Біздің ортамызда майталман мамандар отыр. Арамызда бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ардагерлер мен дарынды жас ғалымдар да бар. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Жұмабай Бәкенов пен Сұраған Дүрбітхан сөз сөйледі.
Марапатқа ие болған академиктер мен әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Ғылыми еңбектеріңіз табысты болсын, жобаларыңыз лайықты қолдау тауып, ғылым әлемінде тың серпілістер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын!







