2025 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп, әлеуметтік ғылымдар саласындағы өзекті тақырыптарды қамтыған халықаралық семинар ұйымдастырды.
Семинарға Санкт-Петербургтегі Еуропалық университеттің профессорлары, экономика ғылымдарының кандидаты Ксения Тенишева және әлеуметтік ғылымдар кандидаты, доцент Юлия Вымятнина қатысты.
Юлия Вымятнина «Қолданбалы макроэкономист құралындағы жаңа деректер мен әдістер» жөнінде баяндама жасап, макроэкономикалық талдау үшін қандай деректердің қолжетімді екенін, оларды қандай жағдайларда қолдануға болатынын, сондай-ақ деректерді тексеру мен түзетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, машиналық оқыту мен үлкен тіл үлгілерінің дамуымен болжам жасау тәсілдерінің қалай өзгеріп жатқанын түсіндірді.
Ксения Тенишева «Жорамалдан фактіге дейін: қоғамды зерттеудегі деректердің күші» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік зерттеулерде дәстүрлі әдістер мен жаңа технологиялардың үйлесімін сипаттады. Ол әлеуметтік желілер мен сенсорлар арқылы жиналатын деректердің адамдардың мінез-құлқын зерттеуде қалай қолданылатынына тоқталды және қоғамды түсінуге септігін тигізген заманауи тәсілдермен бөлісті.
Сондай-ақ, семинарда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Ләззат Сейтқазықызы Спанкұлова сөз сөйлеп, денсаулық экономикасы саласындағы өз зерттеулерімен таныстырды. Спикердің айтуынша, Big Data мен есептеулер әлеуметтік ғылымдармен тығыз байланысты және бұл тәсілдер күрделі әлеуметтік-экономикалық салаларды, соның ішінде ғарыш технологияларын да тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Семинар соңында қызу пікірталас өрбіді. Қатысушылар баяндамашыларға сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алды. Шара ұйымдастырушылары мен спикерлерге алғысын білдірген қатысушылар бұл кездесудің ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайтқанын атап өтті.







