Ақтаудағы мемлекеттік университет базасында ұлттық ғылым академиясының форсайт орталығы құрылады. Ел Президенті жанындағы орталық ғылыммен айналысатын маңғыстаулық зиялы қауым өкілдерін қаржылай қолдауды жетілдірумен айналысады. Бұл туралы ұлттық академия прези-диумының көшпелі отырысында айтылды. Жиында ғалымдар шалғай өңірге тән ауызсу тапшылығы, экология, тұрғын үй шаруашылығы және энергетика саласындағы мәселелерді көтеріп, көлік жолдарының сапасына қатысты ой-пікірімен бөлісті. «Қуатты өңірлік ғылым — қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі кеңес жұмысы екі күнге созылады. Іс-шаралар соңында ұлттық ғылым академиясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады. Абай Серікқанов, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА вице-президенті: — Өңірлерде ғылыми жобаларды қаржыландыру әлі де жеткіліксіз, ғылыммен айналысқысы келетін ғалымдардың саны да аз. Көп жағдайда олар Астана, Алматыда жұмыс жасағанды тиімді санайды. Осы мәселені шешу мақсатында бұған дейін барлық аймақта форсайт-сессия өткіздік. Сондай-ақ облыс әкімдіктеріне қарасты ғылым жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесе осындай форсайт орталық құруды қолға алдық. Мінекей, соның бірі Ақтау қаласында ашылғалы тұр.
Ақпарат көзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/706853-galymdardy-karzylandyrumen-ajnalysatyn-forsajt-ortalyk-kurylady