Төрегелді Шарманұлының қайтыс болуына байланысты көңіл хат

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Қазақ тамақтану академиясының Президенті, Медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманұлының қайтыс болуына байланысты барлық жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Отандық медицина ғылымының көшбасшы тұлғасы, ғылым және техника саласындағы бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, абыз ағамыз бүкіл халықтың қадір тұтар айбынды ел ағасы еді.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға қызмет етуге, ғылым мен денсаулық саласын өркендетеуге арнаған Төрегелді Шарманұлы мемлекетіміздің медицинасының дамуына қосқан зор үлесімен көпшілікке кеңінен танымал.

Ол іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде 12 жыл бойы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігін басқарып, отандық нутрицологтар мектебінің негізін қалады және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ ұлттық жүйесін құрды.

1974 жылдан бастап ол ғұмырының соңына дейін, республиканың жетекші ғылыми ұйымдарының бірі – Қазақ тамақтану академиясының тұрақты президенті болды.

Академик Төрегелді Шарманов Орта Азиядағы тағамтану институттарының ашылуына бастамашы болды, әлемдік деңгейдегі көптеген ғылыми-медициналық зерттеу жобаларына басшылық етті.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі, ЮСАИД, ЮНИСЕФ секілді халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестік қызметтер жасаған бірегей тұлға. 350-ден астам еңбектің, оның ішінде 22 монографияның авторы атанды. Оның басшылығымен жас нәрестелерге арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығарды.

Дүниежізілік денсаулық сақтау саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы марапаты Леон Бернард атындағы мәртебелі медалға ие болған жалғыз қазақ дәрігері атады.

Соңында әлемдік медицина саласындағы мол мұралары қалған академик көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми кадрлардың бірнеше буынын, – ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді.

Асыл ағамыздың бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Төрегелді Шарманұлының алды пейіш, арты кеніш, иманы саламат болсын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілейміз!

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұжымы