Құрметті отандастар!

Біз, Қазақстан Республикасының академиктері, ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетін ғылыми қауымдастық өкілдері ретінде, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде өз ұстанымымызды ашық білдіруді азаматтық парызымыз деп санаймыз.

Ғылым – уақыттың тынысын дәл басатын, қоғам дамуының бағытын таразылайтын ақыл-ойдың алаңы.

Ал Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем.

Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс деп санаймыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын, экономика мен қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделейтін, мемлекет саясатының ғылыми негізін қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан іргелі ұйым.

Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Парламенттік реформалар туралы бастама көтерген сәттен бастап, Ұлттық ғылым академиясы бұл үдерістен тыс қалған емес.

Ғалымдарымыз, сарапшыларымыз өз ой-пікірлері мен ғылыми негізделген ұсыныстарын жолдап, реформалардың мазмұнын тереңдетуге атсалысып келеді.

Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады.

Осыған орай Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына түрлі сала өкілдерімен қатар ғылыми қауымдастық мүшелері де тартылды.

Ұлттық ғылым академиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысына белсенді түрде, жауапкершілікпен қатысты.

Соның нәтижесінде ұсынылып отырған жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде ғылым мен білім, мәдениет пен инновация айрықша айқындалып отыр.

Бұл – еліміздің даму бағыты табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адам капиталына, білімді ұлт пен зияткерлік әлеуетке сүйенуі тиіс деген түбегейлі көзқарастың көрінісі.

Жаңа Ата Заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту.

Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды.

Конституцияның 23-бабында сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуде.

Сондай-ақ, 33-бабында Азаматтардың ақы төлемей бастауыш және орта білім алу құқығы, жоғары білімге конкурс негізінде қол жеткізу мүмкіндігі сақталған.

Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, мемлекеттік білім стандарттарының баршаға бірдей болатыны айқын көрсетілген. Бұл – қоғам болып, ел болып жұмылған еңбектің нәтижесі.

Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған.

Жалпы айтқанда, жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр.

Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен ғалымдары барша отандастарымызды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырады.

Қоғамда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын арандатушылық пікірлердің жетегінде кетпеуге үндейміз.

Біз жаңа Конституцияны қолдау арқылы Қазақстанның зияткерлік, әділетті әрі орнықты дамуына үлес қоса аламыз.

Баршаңызды ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері:

А. Күрішбаев А. Жұмаділдаев В. Локшин Д. Қайдарова Т. Рамазанов Е. Тұрыспеков Б. Телтаев
Ю. Пя С. Ақшолақов Ж. Таймағамбетов Ж. Бакенов М. Здоровец Д. Сұраған М. Орынбаев

 

Онлайн оқу

Просмотреть обращение

Онлайн қарауды ашу
НАН РК