Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) отандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының сапасын бағалау үшін ұсынылған Қазақстандық ғылыми журналдар рейтингісін (бұдан әрі – Рейтинг) бекітті. Рейтингті Академияның ғылыми және ғылыми-техникалық дамуды талдау орталығы Академия жанындағы Ғылыми редакторлар кеңесімен бірлесіп әзірледі, кеңес 11 наурыздағы отырысында оны бекітуге ұсынған болатын.
Рейтинг журналдарды саралаудың бес деңгейлі жүйесін ұсынады және Web of Science, Journal Citation Reports, Scopus халықаралық дерекқорларындағы ғылымометриялық көрсеткіштерге, финдік Publication Forum (JUFO, Финляндия) ғылыми журналдарды саралау жүйесіне және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын басылымдар тізбесіне негізделген.
Аталған рейтингті қолдану отандық ғалымдар жарияланымдарының сапасын бағалаудың объективтілігін арттыруға және отандық журналдардың дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді. Академия бұл рейтингті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғылым саласындағы сыйлықақылар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурсында қолдану үшін ұсынуды жоспарлап отыр.