Алматыда академик Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасына арналған дөңгелек үстел өтеді

 

2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласы, Ғылым Ордасында көрнекті қазақстандық ғалым, академик Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің рухына арналған «Академик Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасы және математика ғылымы мен ғарыштық зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтеді.

Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1988–1994 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының және Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті, отандық математика ғылымының көрнекті өкілі әрі Қазақстандағы ғарыштық зерттеулерді ұйымдастырушылардың бірі.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ және Математика және математикалық модельдеу институты бірлесіп ұйымдастырады.

Дөңгелек үстелге ғылыми қауымдастық өкілдері, академиктің шәкірттері, әріптестері мен замандастары қатысады. Жиын барысында Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасы мен математика ғылымын дамытуға қосқан үлесі, Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің қалыптасуы мен дамуы, Ғылым академиясын дамытудағы қызметі, сондай-ақ университеттік ғылым мен ғылыми кадрлар даярлау жүйесіне қосқан үлесі талқыланады.

Математикалық модельдеу мен Қазақстандағы заманауи ғарыштық зерттеулердің өзекті бағыттарына ерекше назар аударылады. Іс-шара аясында көрнекті ғалыммен бірге қызмет атқарған шәкірттері, әріптестері мен замандастары естеліктерімен бөліседі.

Дөңгелек үстел академик Ө.М. Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасын зерделеуге, ғылыми мектептер сабақтастығын сақтауға, сондай-ақ отандық математика ғылымы мен ғарыштық зерттеулерді одан әрі дамытудың перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаң болмақ.

 

Өтетін күні: 2026 жылғы 17 қыркүйек
Өтетін орны: «Ғылым ордасы», Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28, 3-қабат, кіші зал.

Қатысуды растау мерзімі: 2026 жылғы 10 қыркүйекке дейін.

НАН РК