ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЕЛДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ЖОҒАРЫ ҒЫЛЫМИ ҰЙЫМ РЕТІНДЕ ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН НЫҒАЙТАТЫН ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қабылданған түзетулер Мемлекет басшысының ғылымның рөлін күшейту және ұлттық ғылыми жүйені дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам болды.
Заңның негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының еліміздегі жалғыз жоғары ғылыми ұйым мәртебесінде қызмет етуінің толыққанды құқықтық негізінің қалыптастырылуы.
Алғаш рет заңнамалық деңгейде Академияның ерекше мәртебесі ғана емес,сондай-ақ оның мемлекеттік ғылыми саясатты қалыптастыруға және ғылыми сараптамалық сүйемелдеуге қатысатын мемлекеттің ғылыми-технологиялық дамуының орталық институты ретіндегі жаңа рөлі де бекітілді.
Қабылданған нормалар мыналарды көздейді:
- Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қазақстан Республикасының жалғыз жоғары ғылыми ұйымы ретіндегі мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту;
- Академияның институционалдық дербестігін нығайту;
- стратегиялық даму мен қоғамдық бақылаудың маңызды тетігі ретінде Қамқоршылық кеңесті құру;
- Академияның алқалы басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту;
- тиімді мемлекеттік ғылыми саясатты қалыптастыру үшін қажетті негізгі талдамалық құжат болып табылатын Ғылым туралы ұлттық баяндаманы дайындау және жыл сайын жариялау жөніндегі өкілеттіктерді бекіту;
- академиктерді сайлау тәртібін жетілдіру және академиялық қауымдастықты одан әрі дамыту.
Отандық ғылым үшін жаңа институт – Ғылым жөніндегі омбудсменді (ғалымдардың құқықтары жөніндегі уәкілді) енгізу ерекше маңызға ие. Алғаш рет заңнамалық деңгейде ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тәуелсіз тетігі қалыптастырылып, ғылыми қауымдастықтың өтініштерін қарау және ғылым саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге жәрдемдесу көзделіп отыр.
Сонымен қатар заңмен ғылыми саясаттың ұғымдық аппараты жетілдіріліп, «ғалым», «Ұлттық ғылым академиясының академигі», «жас ғалым», «форсайттық зерттеулер» ұғымдары бекітілді. Сондай-ақ ғылымды қажетсінетін аумақтарды, ғылым қалашықтарын дамытуға және ғылыми зерттеулер нәтижелерін экономикаға енгізуге бағытталған қосымша шаралар қарастырылған.
Аталған Заңның қабылдануы отандық ғылым дамуының жаңа кезеңін бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттің стратегиялық міндеттерін ғылыми тұрғыдан сүйемелдейтін және Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз ететін елдің жетекші зияткерлік орталығы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды.