Ұлттық ғылым академиясында Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы талқыланды

07 тамыз 2026 27
Ұлттық ғылым академиясында Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы талқыланды

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, жетекші медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық ғылыми орталықтардың директорлары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова бүгінгі бірлескен отырыстың мақсаты – Биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасын ғылыми және сараптамалық тұрғыдан талқылау, Ғылыми-техникалық кеңес мүшелері мен шақырылған сарапшылардың ұсыныстарын қарастыру, сондай-ақ құжатты жетілдіру және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу бойынша ұсынымдар әзірлеу екенін атап өтті.

Министр өз сөзінде Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыруда, іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуда, сондай-ақ стратегиялық маңызды мемлекеттік бастамаларға ғылыми сараптама жүргізуде шешуші рөл атқаратынын айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биотехнологияны дамыту еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарының бірі әрі ерекше бақылауда тұрған мәселе екенін атап өтіп, осыған байланысты Қазақстан Республикасында биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясын қалыптастыру барысында Ұлттық ғылым академиясының ғылыми-сараптамалық ұстанымы ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Академия жетілдірген Қазақстан Республикасында биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жаңартылған жобасын таныстырды.

Президент өз баяндамасында биотехнология бүгінгі таңда дәрілік, биологиялық, азық-түлік және технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін стратегиялық салаға айналғанын атап өтті. Ол ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, ғылыми әзірлемелерді зертханадан өндіріске дейін жеткізу, технологиялар трансферін дамыту, ұлттық ғылыми әлеуетті нығайту және биотехнология саласында нақты нәтижеге бағытталған өнімдік тәсілді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Отырыстың күн тәртібінде Қазақстан Республикасында биотехнологияны дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы, денсаулық сақтау және агробиотехнологияны дамыту, биотехнология саласындағы басым бағыттар мен флагмандық ғылыми бағдарламалар, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және инновациялық қызметтің нәтижелілігі, сондай-ақ медициналық оңалту мен курортология ғылымын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен әзірленген «Фитошикізат негізінде жаңа дәрілік заттар-кандидаттарының мультитаргеттік дизайны» атты флагмандық ғылыми бағдарламаның таныстырылымы өтті.

Бағдарламаны Ұлттық ғылым академиясының «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» бөлімшесінің басшысы Марлен Махмұдович Есіркепов таныстырды.

Жоба аясында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын пайдалана отырып, дәрілік заттарды әзірлеудің толық циклін қамтитын Интеллектуалды модельдеу және болжау орталығын құру көзделген. Бағдарлама дәрілік өсімдіктерді ғылыми негізде іріктеу, олардың ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, in silico модельдеу, белсенді фармацевтикалық субстанциялар әзірлеу, доклиникалық және клиникалық зерттеулер жүргізу, өндірісті ұйымдастыру және дәрілік препараттарды мемлекеттік тіркеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Талқылау қорытындысы бойынша ұсынылған флагмандық ғылыми бағдарлама Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауына ие болды. Тараптар биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы отандық дәрілік заттарды әзірлеу және жобаны бірлесіп іске асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Бірлескен отырыс ғылым, білім, денсаулық сақтау және өндіріс салалары арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтып, Қазақстанда биотехнологияны дамытудың жаңа кезеңіне негіз қалайтын маңызды ғылыми-сараптамалық алаңға айналды.

НАН РК