ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ҚОЛДАНБАЛЫ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАРЫН ҰСЫНДЫ

14 қараша 2026 49
ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ҚОЛДАНБАЛЫ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАРЫН ҰСЫНДЫ

2026 жылғы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар кеңесінің отырысына қатысты. Жиын аясында ғылыми жобаларды іске асыруға арналған гранттарды табыстау рәсімі де өтті.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен өткен отырыста ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қолданбалы ғылымды дамыту, ғылыми бастамаларды қолдау және инновациялық әзірлемелерді қалалық инфрақұрылымға енгізу мәселелерін талқылады.

Баяндама жасаған Абай Серікқанов еліміздегі зерттеушілердің шамамен 41%-ы шоғырланған Алматы қаласының ғылыми әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономикаға серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін нақты технологиялық шешімдерге айналдырудың маңыздылығына тоқталды.

Вице-президент Ұлттық ғылым академиясының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын таныстырды. Бұл бастама қолданбалы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен қаржыландырудың жаңа тәсілдерін қарастырады. Оның негізінде өңірлер мен кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне, форсайт-зерттеулердің нәтижелеріне және бірлескен қаржыландыру тетіктеріне сүйене отырып, ғылыми жобаларды қалыптастыру көзделген.

Бұл бағытта нақты жұмыстар да жүргізілуде. Мамыр айынан бері Академияның қатысуымен Алматы қаласының ғылыми-технологиялық дамуының перспективалы бағыттарын айқындауға арналған 30 сараптамалық талқылау мен 12 форсайт-сессия өткізілді.

Абай Серікқанов Академияның қалалық ғылыми бастамаларға әдіснамалық және сараптамалық қолдау көрсетуге, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Жиынның маңызды бөліктерінің бірі — қалалық ғылыми гранттар байқауының қорытындысын шығару болды. Жалпы бюджеті 348 млн теңгені құраған байқау аясында 23 жоба қолдау тапты. Олардың қатарында сейсмикалық қауіпсіздік, экологиялық мониторинг, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ғылыми әзірлемелер бар.

Алдағы негізгі міндет – аталған ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу және олардың нәтижелерін қала экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға тиімді пайдалану.

Ұлттық ғылым академиясы өңірлердің ғылыми әлеуетін нығайту, қолданбалы зерттеулерді дамыту және ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүйелі жолға қою бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

НАН РК