ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ - ЗИЯТКЕР ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ
Бүгін Қазақстан Республикасы өзінің жаңа Конституциясымен жаңа тарихи даму кезеңіне қадам басты. Бұл – құқықтық реформаның жалғасы ғана емес, еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағытын айқындайтын, ғылымға, білімге, инновацияға және адам капиталының сапалы дамуына негізделген жаңа қоғамдық модельді қалыптастыруға бағытталған маңызды шешім.
Ата Заң – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, оның болашақтағы даму философиясын, ұлттық құндылықтары мен стратегиялық басымдықтарын айқындайтын басты құжат. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның саяси жаңғыруының заңды жалғасы болумен қатар, білім мен ғылымға негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға берік конституциялық негіз қалады.
Жаңа Конституцияда алғаш рет ғылым мен инновация ұлттық дамудың негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқындалуы ерекше маңызға ие. Ата Заңның кіріспесінде Қазақстан халқының мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарына адалдығы бекітіліп, мемлекеттің басты қағидаттарының қатарында білім мен ғылымға негізделген прогресс пен жасампаздыққа басымдық беріледі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі басты міндет – Қуатты Қазақстанды құру. Мұндай мақсатқа жетудің негізгі алғышарты – қуатты ғылым, сапалы білім және әлемдік деңгейдегі инновациялар. XXI ғасырдағы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлық көлемімен емес, ғылыми жаңалықтарымен, технологиялық жетістіктерімен және адами капиталының сапасымен өлшенеді. Сондықтан ғылымды дамыту – академиялық қауымдастықтың ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты экономикалық өсудің маңызды факторы.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы осы тарихи міндеттерді жүзеге асыруға толық жауапкершілікпен атсалысады. Академияның негізгі мақсаты – іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту, ғылыми нәтижелерді нақты экономикаға енгізу, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және ғылымның мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы рөлін күшейту.
Конституциялық деңгейде ғылымның мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітілуі – ғылыми қауымдастық үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Бұл ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, инновациялық экожүйені дамытуға, ғылым мен өндіріс байланысын нығайтуға және еліміздің ғылыми-технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге жаңа серпін береді.
Қуатты Қазақстанның берік іргетасы – құқық үстемдігімен қатар, ғылым үстемдігі. Ал ғылымы дамыған ел ғана жаһандық бәсекеде өз орнын нығайтып, келер ұрпаққа тұрақты әрі өркендеген мемлекет қалдыра алады.