Ұлттық ғылым академиясында «Шипажай-2026» XI халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті

07 тамыз 2026 29
Ұлттық ғылым академиясында «Шипажай-2026» XI халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті

2026 жылғы 7 тамызда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында «Шипажай-2026» XI халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, жетекші медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық ғылыми орталықтардың директорлары, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова медициналық оңалту мен курортологияны дамыту халық денсаулығын нығайтудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Министр бұл саланы дамыту Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының маңызды құрамдас бөлігі екенін айтып, медициналық ғылымды, клиникалық тәжірибені және инновациялық технологияларды біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, министр ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, медициналық оңалтудың тиімді моделін қалыптастыру және осы бағыттағы ғылыми әзірлемелерді қолдау мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Қажығұлұлы Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі.

Академия президенті өз сөзінде медициналық оңалту мен курортологияның қазіргі таңда әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, бүгінде әлемде шамамен 2,6 миллиард адам, яғни әрбір үшінші тұрғын өмірінде кемінде бір рет оңалту көмегіне мұқтаж, ал соңғы 30 жылда оған деген қажеттілік 60 пайыздан астам өскен.

Ахылбек Қажығұлұлы Қазақстан үшін бұл бағыттың стратегиялық маңызға ие екенін айтып, халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, созылмалы аурулардың көбеюі және олардың салдарын төмендету заманауи ғылыми негізделген оңалту технологияларын енгізуді талап ететінін атап өтті.

Президент өз сөзінде бүгінгі таңда курортология жасанды интеллект, телемедицина, пациенттердің жай-күйін цифрлық мониторингтеу, үлкен деректерді талдау және дербестендірілген оңалту бағдарламаларының арқасында жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айтты. Осыған байланысты ғылымның негізгі міндеті – бұл технологиялардың тиімділігін дәлелдеп, оларды практикалық денсаулық сақтау жүйесіне кеңінен енгізу екенін жеткізді.

Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясы медициналық оңалту, курортология және салауатты ұзақ өмір сүру технологияларын дамыту мәселелерін «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» бағытының басымдықтарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Академия табиғи емдік ресурстарды ғылыми тұрғыдан зерттеу, инновациялық оңалту әдістерін әзірлеу және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы ғылыми зерттеулерді жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.

Форум курортология, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту салаларындағы заманауи ғылыми жетістіктерді, инновациялық технологияларды және халықаралық тәжірибені талқылайтын беделді халықаралық алаңға айналды.

Іс-шара аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция, цифрлық медициналық шешімдерге арналған семинарлар, заманауи оңалту әдістері бойынша шеберлік сабақтары және медициналық жабдықтар, фармацевтикалық өнімдер мен цифрлық технологиялардың халықаралық көрмесі ұйымдастырылды.

Форумға Қазақстанмен қатар Қытай, Сингапур, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Еуропа елдері мен АҚШ-тан келген 300-ден астам ғалым, жетекші дәрігерлер, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.

Пленарлық және секциялық отырыстар барысында медициналық оңалтудың заманауи ғылыми бағыттары, саланы цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу, санаторий-курорттық көмекті жетілдіру, кадр даярлау және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Форум аясындағы маңызды бастамалардың бірі – Қазақстан Республикасының Курорттық кеңесін құру жөніндегі ұсыныстың жария етілуі болды. Бұл бастама мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың және практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының күш-жігерін біріктіріп, саланың орнықты дамуына жаңа серпін береді.

«Шипажай-2026» XI халықаралық ғылыми-практикалық форумы курортология мен медициналық оңалту саласындағы ғылым мен практиканың ықпалдастығын нығайтуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңына айналды.

НАН РК