Академияның «Білім және қоғамдық даму ғылымдар» бөлімшесінің отырысы өтті

30 қаңтар 2026 7
Академияның «Білім және қоғамдық даму ғылымдар» бөлімшесінің отырысы өтті

2026 жылдың 29 қаңтарында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы «Білім және қоғамдық даму ғылымдар» бөлімшесінің отырысы өтті. Отырысқа бөлімше төрағасы, бөлімше мүшелері - құрметті академиктер және Академия орталықтарының өкілдері офлайн және онлайн форматта қатысты. Шараны бөлімше төрағасы академик Дархан Билялов жүргізді.

Күн тәртібіндегі басты мәселелер ретінде бөлімшенің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары, ғылыми журналдардың қазақстандық рейтингісі бойынша ұсыныстар және «Әлеуметтік ғылымдар» мен «Гуманитарлық ғылымдар мен өнер» бағыттары бойынша Координациялық кеңесін құру мәселелері талқыланды.

2026 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау барысында құрметті академиктер Алма Әбілқасымова, Болат Көмеков, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Ерден Қажыбеков, Дария Қожамжарова және Зиябек Қабылдин ғылымды насихаттау, өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ халықаралық ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру бойынша маңызды ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстан» құндылықтарын ілгерілету мақсатында өңірлік университеттерде «Заң мен тәртіп» тақырыбында ғылыми конференциялар өткізу және Ұлттық ғылым академиясы жанынан эксперттік топ құру туралы ұсыныстар айтылды.

Ерекше назар Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына аударылды. Мерейтойды ел ғылымын халықаралық кеңістікке интеграциялауға бағытталған ғылыми форумдар мен конференциялар форматында ауқымды етіп өткізу туралы ой алға тартылды.

Сонымен қатар ғылыми жаңалықтар мен зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әсіресе жас ғалымдардың зерттеу нәтижелерін интеграциялау мақсатында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ғылыми-дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ бөлімшенің қызмет бағытына сәйкес шетелдік ғалымдармен бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды үйлестіруді жүзеге асыру талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық даму жөніндегі аналитикалық орталықтың басшысы Болат Кеңесов баяндама жасап, қазақстандық ғылыми журналдар рейтингін қалыптастыруға қатысты ұсыныстарын таныстырды. ҒЖБССҚЕК қызметі аясында ғылыми журналдарды деңгейлерге бөлу сараптамалық бағалау негізінде жүзеге асырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар сараптамалық кеңестерге түсетін жүктеменің жоғары болуы, жекелеген ғылыми бағыттар бойынша мамандар тапшылығы, сондай-ақ бағалау рәсімдеріндегі субъективтілік пен инерция сияқты жүйелі мәселелердің бар екені көрсетілді.

Осы бағыттағы жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибені ескере отырып, наукометриялық көрсеткіштерге алдын ала талдау жүргізу, шетелдік сарапшыларды тарту, ғылыми қауымдастықпен және Ғылыми редакторлар кеңесімен кері байланысты дамыту, сараптамалық рәсімдерді ақпараттық жүйе арқылы автоматтандыру, сондай-ақ сарапшыларды үздіксіз оқыту шараларын іске асыру ұсынылды. Аталған тәсілдер ғылыми журналдарды жіктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға, олардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Білім және қоғамды дамыту ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен баяндама жасап, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша Координациялық ғылыми кеңес құру және оның қызметін ұйымдастыру мәселелерін таныстырды. «Әлеуметтік ғылымдар» және «Гуманитарлық ғылымдар мен өнер» бағыттары бойынша Координациялық ғылыми кеңесті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан тұрақты кеңес беруші орган ретінде құру жоспарланып отырғанын баяндады. Кеңестің қызметі әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің басым бағыттары мен тақырыптарын ғылыми негізде қалыптастыруға, іргелі және қолданбалы ғылыми жобаларды үйлестіруге, оларды стратегиялық мемлекеттік міндеттер мен қоғамдық сұраныстарға сәйкестендіруге бағытталатын болады. Кеңес елдің жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктіріп, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі тақырыптарға ғылыми сараптама және верификация жүргізуді, бірыңғай әдіснамалық тәсілдерді қалыптастыруды, пәнаралық кооперацияны дамыту мен ғылыми тақырыптардың қайталануын болдырмауды көздейді. Кеңес қызметі тұрақты негізде ұйымдастырылып, оның шешімдері мемлекеттік ғылыми саясатты қалыптастыру және ғылыми жобаларды қолдау жөніндегі шешімдер қабылдау кезінде ұсынымдық сипатта пайдаланылатындығы жоспарда екенін көрсетті.

Отырыстың қортындысы бойынша бөлімшенің атауын өзгерту және жұмыс жоспарын нақтылау бойынша пікірлер тыңдалып, барлық ұсыныстарды жинақтап бекіту келісілді.

НАН РК