ҚР ҰҒА ӨКІЛІ ЖАПОНИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМҒА ҚАТЫСТЫ
2026 жылғы 26–27 қыркүйекте Жапонияның Киото университетінің Гуманитарлық зерттеулер институтында XIV–XX ғасырлардағы Шығыс және Орталық Еуразиядағы халықаралық қатынастар тарихын жаңа ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған халықаралық академиялық симпозиум өтті.
«XIV–XX ғасырлардағы Еуразиядағы көптілді дипломатиялық құжаттарды салыстырмалы зерттеу және халықаралық тәртіпті қайта құру» тақырыбындағы симпозиумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы президентінің кеңесшісі, профессор Нұрлан Кенжеахмет арнайы шақыртумен қатысты.
Халықаралық симпозиумның негізгі мақсаты – әртүрлі тілдерде сақталған дипломатиялық құжаттарды салыстырмалы және пәнаралық тұрғыдан зерттеу арқылы Шығыс және Орталық Еуразиядағы халықаралық қатынастардың тарихи жүйесін жаңаша пайымдау.
Ғылыми форум Жапония, Корея, Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің зерттеушілерін біріктірді. Симпозиум барысында дәстүрлі ұлттық тарихнама шеңберінен шығып, Еуразия кеңістігіндегі мемлекетаралық және өркениетаралық байланыстарды кешенді зерттеу мәселелері талқыланды. Зерттеушілер жапон және қытай тілдеріндегі деректермен қатар, манчжур, моңғол, орыс, шағатай-түркі және басқа тілдерде сақталған тарихи құжаттарды салыстырмалы түрде зерделеудің ғылыми әлеуетіне ерекше назар аударды.
Профессор Нұрлан Кенжеахметтің симпозиумға қатысуы аясында Еуразия тарихын зерттеудің заманауи әдістері, тарихи картография мен кеңістіктік гуманитаристика, көптілді архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізу және халықаралық зерттеу кооперациясын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Іссапар барысында профессор Нұрлан Кенжеахмет жапониялық белгілі ғалым, тарихи география және цифрлық картография саласының маманы, профессор Кейджи Яномен, сондай-ақ Цин империясының тарихы, манчжур тіліндегі тарихи құжаттар мен карталарды зерттеуге маманданған профессор Кисенггемен ғылыми кездесу өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан мен Жапония ғалымдарының тарихи картография, көптілді жазба деректер, Орталық Еуразия тарихы және цифрлық гуманитаристика бағыттарындағы ықтимал бірлескен зерттеулері талқыланып, алдағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасты.
Жапониядағы ғылыми сапар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жетекші шетелдік ғылыми орталықтармен байланыстарын кеңейтуге, қазақстандық ғалымдарды халықаралық зерттеу желілеріне тартуға және Еуразия мен Орталық Азия тарихын зерттеу саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған.
Мұндай ғылыми байланыстар отандық гуманитарлық ғылымның халықаралық академиялық кеңістікке ықпалдасуына, Қазақстан тарихына қатысты шетелдік архивтік және картографиялық деректерді зерттеуге, сондай-ақ жаңа пәнаралық ғылыми жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.