Құрметті әріптестер, қадірлі ғалымдар, жас зерттеушілер!
Сіздерді 12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ғылым – кез келген мемлекеттің интеллектуалдық тірегі, стратегиялық дамуының басты қозғаушы күші. Бүгінгі таңда ғылым тек білімнің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар елдің экономикалық қуатын арттырып, технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ғылым – ел дамуының негізгі басымдығы. Біз ғылымды дамыту арқылы жаңа сапалы экономика құруымыз қажет» деп атап өткен болатын. Бұл – отандық ғылымға жүктелген үлкен жауапкершілік пен зор сенім.
Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы бүгінде ғылыми әлеуетті біріктіретін, жаңа идеялар мен инновацияларды ілгерілететін жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналды. Академия отандық ғылымның дамуына серпін беріп, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі күні біз ғылымды қоғамның нақты сұраныстарымен ұштастыру, ғылыми нәтижелерді өндіріс пен экономикаға енгізу, сондай-ақ ғылым мен технологияның интеграциясын күшейту бағытында жаңа кезеңге қадам басып отырмыз.
Бұл жолда сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағы үшін жасалып жатқан өлшеусіз үлес.
Қадірлі әріптестер!
Сіздердің табанды ізденістеріңіз, ғылыми жаңалықтарыңыз бен тың бастамаларыңыз Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттырып, оның әлемдік ғылыми кеңістіктегі орнын нығайта беретініне сенімдімін.
Баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, ғылыми жетістіктер мен жаңа белестер тілеймін!
Ғылым жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Ғылым күні құтты болсын!
Құрметпен, ҚР ҰҒА Президенті А.Күрішбаев