DEEPBAS Жасанды интелекті негізінде су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесін енгізу

09 сәуір 2026 11
DEEPBAS Жасанды интелекті негізінде су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесін енгізу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектеновтың ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында 2026 жылғы 7 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі - Академия) Қытай Ғылым академиясының және Чжэцзян технологиялық университетінің жетекші ғалымдарымен бірлесіп ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту, су ресурстары саласына инновациялық шешімдерді енгізу және озық тәжірибе алмасу мақсатында кездесу-кеңес өткізді.

Су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы және климаттық сын-қатерлер жағдайында үлкен деректер мен жасанды интеллектке негізделген интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу ерекше өзектілікке ие. DeepBas (Deep Basin Spatiotemporal AI) жобасы Қазақстанның су ресурстарын басқаруын цифрландыру, тиімділік және ғылыми негізделген шешімдер қабылдау деңгейін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.

Іс-шара барысында су ресурстарын «ақылды» басқарудың заманауи технологиялары, оның ішінде қытай-қазақстандық кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект моделі DeepBAS таныстырылды. Бұл модель су баланстарын және ресурстардың бөлінуін болжауға, климаттық өзгерістерді ескере отырып су пайдаланудың сценарийлерін модельдеуге, су шаруашылығы жүйелерін басқару тиімділігін арттыруға және деректер негізінде басқарушылық шешімдерді қолдауға мүмкіндік беретін кеңістіктік-уақыттық талдау жүйесі болып табылады.

Іс-шара аясында келесі презентациялар өтті:

- DeepBas және SHANG SHAN (Tuduo): кеңістіктік-уақыттық ірі ЖИ моделі және шешімдерді қолдау интеграцияланған платформасының таныстырылымы.

- SIGMA: мониторинг және болжауға арналған цифрлық платформаның көпфункционалды мобильді кешені — зертхана таныстырылымы.

Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде: «Мемлекет басшысы суды стратегиялық ресурс ретінде айқындап, су ресурстарын басқарудың жасанды интеллект негізіндегі заманауи жүйесіне көшу міндетін қойды. Үкіметпен Су ресурстарының бірыңғай платформасын құру және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосу бойынша нақты мерзімдер белгіленді.

Су саласындағы жағдай күрделі. Әңгіме тек су тапшылығы туралы ғана емес, өзара байланысты сын-қатерлердің жиынтығы туралы: климаттың өзгеруі, мұздық ресурстардың қысқаруы, ағынның құбылмалылығының артуы, құрғақшылық пен тасқындардың жиілеуі, топырақтың деградациясы, шөлейттену, суармалы жерлердің тұздануы, су сапасының төмендеуі, инфрақұрылымның тозуы, тасымалдау кезіндегі су шығындары, сенімді деректердің тапшылығы және болжау құралдарының шектеулілігі. Мұның бәрі жекелеген процестерді жай цифрландыруды емес, ғылыми негізделген интеллектуалды су ресурстарын басқару жүйесін құруды талап етеді.

Бұл ретте мұндай жүйе дайын шешімдерді механикалық көшіру арқылы құрылмайтынын атап өткен жөн. Оларды Қазақстан жағдайына терең ғылыми бейімдеу қажет — гидрологиялық, гидрогеологиялық, географиялық және геоэкологиялық ерекшеліктерді, бассейндердің трансшекаралық сипатын, су пайдаланудың құрылымын және мемлекеттік басқару талаптарын ескере отырып. Сондықтан бұл жерде негізгі рөл профильдік ғылыми институттарға тиесілі.

Осыған байланысты кеңестің мақсаты – бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру және Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесінің ғылыми негізіне айналатын ғылыми бағдарламаны бірлесіп әзірлеуді бастау.

Қазіргі уақытта «DeepBas жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесі» флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламасына ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Келесі кезең – жүйе архитектурасын, әдіснамалық тәсілдерді және негізгі зерттеу бағыттарын қамтитын толыққанды ғылыми бағдарламаны қалыптастыру. Ғылыми тұрғыдан жоба жерүсті және жерасты сулары, климаттық және гидрологиялық бақылаулар, жер ресурстары мен инфрақұрылым сипаттамалары туралы деректерді бір контурда біріктіруді, кейіннен модельдер, болжау құралдары және шешімдерді қолдау жүйелерін қалыптастыруды көздейді, мұнда жасанды интеллект білімдерді интеграциялау және аналитиканы күшейту құралы ретінде әрекет етеді.

Академия 2025 жылдан бастап қытайлық ғылыми және технологиялық ұйымдармен тұрақты серіктестік қатынастар орнатты. Осы ынтымақтастық аясында Қытай Ғылым академиясының, Чжэцзян технологиялық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және Қытай Халық Республикасының жоғары технологиялық компанияларының қатысуымен кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық бірлескен зертханасы құрылды. Бұл озық ғылыми және технологиялық шешімдерді тартуға қосымша мүмкіндіктер береді, бірақ Қазақстан жағдайына міндетті ғылыми бейімдеуді талап етеді.

Біздің алдымызда жерүсті және жерасты сулары, гидрологиялық және метеорологиялық бақылаулар, Жерді қашықтықтан зондтау материалдары, топырақ, ландшафттар, су шаруашылығы инфрақұрылымы, аграрлық жүктеме және төтенше тәуекелдер туралы деректерді бір контурда біріктіру міндеті тұр. Осы негізде білім базалары, механистік және интеллектуалды модельдер, болжау, сценарийлік талдау және шешімдерді қолдау құралдары қалыптастырылуы тиіс. Бұл жағдайда жасанды интеллект ғылыми пәндерді алмастырмай, білімдерді біріктіру, аналитиканы күшейту және есептеулерді жеделдету құралы болуы тиіс», – деп атап өтті.

 DeepBAS жобасын іске асыру Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытудағы және су шаруашылығы саласына озық цифрлық шешімдерді енгізудегі маңызды қадам болады.

Сонымен қатар «Болашаққа жол: AI дәуірі» тұжырымдамасы аясында Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын «Жасанды интеллект» қос дипломды білім беру бағдарламасының студенттеріне сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Іс-шара ғылым, цифрлық технологиялар және салалық экономика тоғысында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған стратегиялық курсты көрсетті.

Іс-шара барысында Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллектті дамыту және халықаралық білім беру бағдарламаларын кеңейту бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру ортасын қалыптастырудың және елдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы екенін атап өтті.

Қосымша нәтиже ретінде робототехника бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды, бұл бірлескен бастамалар ауқымын кеңейтіп, халықаралық академиялық кеңістікке интеграцияны күшейтеді.

Іс-шаралар аясында ұсынылған ғылыми және білім беру бастамалары Қазақстанда іргелі ғылымды, қолданбалы зерттеулерді, цифрлық технологияларды және кадр даярлауды біріктіретін кешенді экожүйенің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Бұл бағыттардың синергиясы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық секторды дамыту және жаһандық климаттық әрі технологиялық сын-қатерлер жағдайында экономиканың тұрақтылығын арттыру сияқты негізгі міндеттерді шешуге негіз болады.

Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, бейінді министрліктердің өкілдері, Чжэцзян технологиялық университетінің ғалымдары, жасанды интеллект және су қауіпсіздігі саласындағы ҚХР ірі ұйымдарының өкілдері, Қазақстан мен Қытай ғалымдары қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша резолюция қабылданып, бірлескен зерттеулерді дамытуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әрі қарайғы өзара іс-қимыл жоспары келісілді.

НАН РК