«КӨЛІК, МЕХАНИКА ЖӘНЕ МАТЕРИАЛТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

23 қыркүйек 2026 36
«КӨЛІК, МЕХАНИКА ЖӘНЕ МАТЕРИАЛТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Алматыдағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT Университетінде «Көлік, механика және материалтанудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті. Ғылыми форумға 24 елден ғалымдар, инженерлер мен сала мамандары қатысты. Конференция Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Көлік ғылымдары және технологиялары институтының директоры Бағдат Телтаевтың 60 жылдығына арналды.
Конференция барысында көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігі, заманауи материалдар, инженерлік технологиялар, цифрлық шешімдер және көлік ғылымының жаңа бағыттары талқыланды. Ғылыми бағдарлама пленарлық отырысты, 16 негізгі баяндаманы және жеті бейінді секцияның жұмысын қамтыды. Қазақстанмен қатар Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Ресей және басқа да елдердің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарының ғалымдары баяндама жасады.
 Конференцияда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев көлік инфрақұрылымының Қазақстан үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің Еуразия кеңістігіндегі географиялық орны көлік пен логистиканы экономиканың маңызды тірегіне айналдырады. Алайда жолдар мен транзиттік дәліздерді ауқымды дамыту тиісті ғылыми және технологиялық негізсіз күтілетін экономикалық нәтижеге жеткізбейді.
«Бүгінде жол салу – жай ғана асфальт төсеу емес. Зертханалық жағдайда материалдың жоғары беріктігі оның Қазақстанның күрделі табиғи-климаттық жағдайында ұзақ қызмет ететініне кепілдік бермейді. Сондықтан сапалы деректер жинау, физикалық негізделген модельдеу, тәуелсіз верификация және содан кейін ғана практикалық енгізуге негізделген толық ғылыми цикл қажет», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Конференцияда академик Бағдат Телтаевтың көпжылдық ғылыми еңбегі мен өзі қалыптастырған ғылыми мектептің нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Соның бірі – Қазақстан өңірлерінің климаттық ерекшеліктері мен көлік жүктемелерін ескеретін отандық KazPave жол жамылғыларын жобалау жүйесі. Бұл әзірлеме фундаменталды ғылыми зерттеулердің нақты қолданбалы технологияға айналуының үлгісі ретінде аталды.
🔬Көлік ғылымын одан әрі дамыту үшін жолдардың жай-күйін тұрақты мониторингтеу негізінде болжамдық аналитиканы енгізу, жаңа материалдар мен технологияларды нақты жағдайда сынайтын бірлескен валидациялық полигон құру, KazPave жүйесін кеңейту бағытындағы пилоттық жобаларды іске қосу, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен университеттердің кадрлық және есептеу ресурстарын біріктіру ұсынылды.
Қатысушылар сондай-ақ жасанды интеллект арқылы автомобиль жолдарын мониторингілеу, жол инфрақұрылымының цифрлық егіздері, жол конструкцияларының температуралық режимін машиналық әдістермен болжау, асфальтбетонға арналған жаңа материалдар және жолдардың қызмет ету мерзімін ұзарту технологиялары бойынша зерттеулерді талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша көлік ғылымы мен инженериясын дамытуға бағытталған ғылыми ынтымақтастықты күшейту, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу және зерттеу нәтижелерін нақты салалық міндеттермен ұштастыру қажеттігі атап өтілді. 24 елдің ғалымдары мен мамандарын біріктірген форум тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми бастамаларды талқылауға және көлік инфрақұрылымының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа ғылыми-технологиялық шешімдерді айқындауға мүмкіндік берді.
НАН РК