Қазақстан су ресурстарын “DEEPBAS” жасанды интеллекті көмегімен басқаруға көшуде
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектеновтің ғылымд24KZмыту жөніндегі тапсырмасы аясында 2026 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ҚХР Ғылым академиясының және Чжэцзян технологиялық университетінің ғалымдарымен бірлесіп ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстары саласына инновациялық шешімдерді енгізуге және озық тәжірибе алмасуға бағытталған кездесу-кеңес өткізді.
Климаттың өзгеруі, су тапшылығының артуы, трансшекаралық тәуелділік, тасымалдау кезіндегі шығындар және нақты есеп пен болжау қажеттілігі жағдайында деректерді, модельдерді және басқарушылық шешімдерді қолдау тетіктерін бір жүйеге біріктіретін ғылыми негізделген цифрлық шешімдердің маңызы арта түсуде.
Талқылау орталығында кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектіні, цифрлық егіздерді, механистикалық модельдерді, мониторинг жүйелерін және сценарийлік аналитиканы пайдалануға негізделген отандық шешімдерді қолдау платформасын құруды көздейтін «DeepBas» флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламасы болды. Пилоттық бағыттар ретінде Ертіс, Іле–Балқаш және Шу–Талас бассейндері қарастырылуда.
Кеңеске ҚР ҰҒА шетелдік серіктестері, оның ішінде Қытай Ғылым академиясының, Чжэцзян технологиялық университетінің өкілдері және ҚХР-дың жоғары технологиялық компаниялары, соның ішінде Tudou Data (i-Tudou) қатысты. Су ресурстарын басқарудың зияткерлік жүйесін құру тәсілдері, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту және ұзақ мерзімді зерттеу және кадрлық базаны қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кеңестің негізгі тақырыптары:
• DeepBas жобасы — су ресурстарын басқарудың отандық зияткерлік жүйесінің негізі;
• цифрлық егіздер, мониторинг және су тасқыны, құрғақшылық және су шығындарын болжамды модельдеу;
• ведомствоаралық деректер алмасу және гидрологиялық, гидрогеологиялық, метеорологиялық, спутниктік және пайдалану ақпараттарын біріктіру;
• water AI саласындағы озық архитектуралық шешімдерді ғылыми бейімдеу мүмкіндіктері және халықаралық тәжірибе;
• бірлескен зерттеулер, білім трансфері және ұлттық құзыреттілікті қалыптастыру үшін мамандар даярлау.
Қазіргі уақытта «DeepBas жасанды интеллекті негізінде су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесі» флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Келесі кезең — жүйе архитектурасын және әдіснамалық тәсілдерді әзірлеуді қамтитын толыққанды ғылыми бағдарламаны қалыптастыру.
DeepBAS жобасын іске асыру Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуда және су шаруашылығы саласына озық цифрлық шешімдерді енгізуде маңызды қадам болады.
Сондай-ақ «Жасанды интеллект» қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп оқитын студенттерге сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Іс-шара «Болашаққа жол: AI дәуірі» тұжырымдамасы аясында өтіп, ғылым, цифрлық технологиялар және салалық экономика тоғысындағы жаңа буын мамандарын даярлау стратегиялық бағытын көрсетті.
Іс-шара барысында Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллектті дамыту мен халықаралық білім беру бағдарламалары елдің бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру ортасын қалыптастырудың және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы екенін атап өтті.
Қосымша нәтиже ретінде робототехника бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды, бұл бірлескен бастамалар аясын кеңейтіп, халықаралық академиялық кеңістікке интеграцияны күшейтеді.
Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, Чжэцзян технологиялық университетінің ғалымдары, жасанды интеллект және су қауіпсіздігі саласындағы ҚХР ірі ұйымдарының өкілдері, Қазақстан мен Қытай ғалымдары қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша резолюция қабылданып, бірлескен зерттеулерді дамытуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған алдағы өзара іс-қимыл жоспары келісілді.