Қазақстанда «ExSoil & Smart Agriculture» өңірлік цифрлық ғылыми-ақпараттық платформа желісін құру бойынша алғашқы жиналыс өткізілді және ынтымақтастық туралы стратегиялық келісімге қол қойылды
11 наурыз 2026 жыл, Алматы қ., Қазақстан – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) Лейбниц атындағы Университеттің Топырақтану институтымен (Ганновер, Германия) бірлесіп, ауқымды халықаралық «ExSoil» жобасын іске асыруды бастады. Алматыда «ExSoil & Smart Agriculture» өңірлік цифрлық ғылыми-ақпараттық платформа желісін құруға арналған алғашқы kick-off жиналыс өтті. Бұл платформа тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдері мен Моңғолияның агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың іргетасына айналуы тиіс.
Шараның негізгі сәті инновациялық жобалар саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге ресми қол қою болды. Құжат екі жетекші ғылыми ұйым: ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Ганновердегі Лейбниц атындағы Университеттің Топырақтану институты арасындағы серіктестікті бекітті.
Келісім ғылым мен инновациялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ аграрлық секторда пилоттық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында бірлесіп жұмыс істеуді және күш біріктіруді қарастырады..
«ExSoil» (Empowering Soil Health — «Топырақ саулығын нығайту») жобасы жерлердің деградациясы, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі сияқты жаһандық сын-қатерлерге жауап болып табылады.
- Бастаманы Германияның Федералдық зерттеулер, технологиялар және ғарыш министрлігі (BMFTR) қолдап, қаржыландырды..
- Қазақстан негізгі үйлестіруші және методологиялық хаб рөлін атқарады. Болашақта желі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға дейін кеңейтіледі.
Жобаның орталық элементі – «ExSoil & Smart Agriculture» инновациялық цифрлық ғылыми-ақпараттық платформасын құру. Бұл жай ғана деректер базасы емес, ғылымды, технологияларды және экономиканың нақты секторын интеграциялауға арналған кешенді экожүйе.
Платформа келесі ресурстарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді:
- Ғылыми-зерттеу және талдау деректері: Топырақтың күйі, ластану деңгейі және құнарлылық әлеуеті туралы өзекті ақпаратты жинау.
- Әдістемелік қолдау: Био- және фиторемедиацияны, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды қолдану бойынша ұсынымдарды әзірлеу және жариялау.
- Бірыңғай цифрлық орта: Деректерді сақтауға, білім алмасуға және ауыл шаруашылығына инновацияларды енгізу бойынша кеңес алуға арналған кеңістік.
Жоба топырақ саулығы және агроэкология саласындағы цифрлық құзыреттілік орталықтарының желісін қалыптастыруға бағытталған. ҚР ҰҒА Қазақстан-Герман орталығының базасында бүкіл өңір ғалымдарының жұмысын үйлестіретін хаб құрылуда.
Платформаның ең перспективалы бағыттарының бірі виртуалды шешімдерді енгізу болмақ. Атап айтқанда, қашықтағы аймақтарға үнемі бару қажеттілігінсіз агроэкожүйелерді цифрлық мониторингтеу мен талдауға мүмкіндік беретін «Топырақ зерттеулерінің виртуалды зертханасы» жобасы талқылануда.
Өңірлік сын-қатерлер және ғылыми-технологиялық шешімдер
Алғашқы жиналыс аясында Орталық Азия сарапшылары платформа жұмысының негізіне айналатын маңызды баяндамаларды ұсынды:
- Қырғызстан: Топырақ деградациясын және пестицидтермен ластану әсерін зерттеу, сондай-ақ фиторемедиация арқылы басқару стратегиялары (проф. Тинатин Доолоткельдиева).
- Тәжікстан: Ауыл шаруашылығы жерлерінің экологиялық мәртебесін талдау және оларды жақсарту жолдарын іздеу (проф. Фирдавс Арабов).
- Қазақстан: Елдің климаттық және аграрлық саясатының ғылыми негізі ретінде топырақ саулығының рөлі (проф. Раушан Рамазанова).
- Моңғолия: Топырақ жағдайын бағалау және трансшекаралық ғылыми ынтымақтастық жолдарын анықтау (проф. Авирмед Буянбаатар және Кишигжаргал Мохор).
Жоба адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Келісім аясында мыналар қарастырылған:
- Студенттер мен жетекші ғалымдарға арналған алмасу бағдарламалары.
- Қазақстан өңірлерінде ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер және жазғы мектептер өткізу.
- Фермерлерді, әкімдіктер мен мемлекеттік орган өкілдерін ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдерді практикалық қолдануға үйрету.
«ExSoil & Smart Agriculture» бастамасын іске асыру Қазақстанға бірқатар маңызды мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді:
- Жер деградациясын азайту: Топырақты қалпына келтірудің ғылыми негізделген әдістерін енгізу.
- Климаттық бейімделу: Климаттың өзгеруіне төтеп бере алатын тұрақты агроландшафттар құру.
- АӨК цифрландыру: «Ақылды» ауыл шаруашылығына көшу және инвестициялық жоспарлау сапасын арттыру.
- Декарбонизация: Агроөнеркәсіптік кешенде көміртегін сақтайтын технологияларды дамыту.
Жоба жаһандық аграрлық міндеттерді бірлесіп шешу үшін Германияны, Орталық Азияны және Моңғолияны біріктіретін Қазақстан Республикасында тіректі өңірлік ғылыми-технологиялық және цифрлық хабты қалыптастыруға негіз қалайды.
Өткізілу уақыты: 11 наурыз 2026 ж., сағат 14:00 (сәрсенбі)
Өткізілу орны: Алматы қ., Шевченко көшесі, 28, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Қазақстан-Герман орталығы.
Қосымша ақпарат үшін: Алманова Жанна Сарсимбаевна, тел.: +7 771 298 7517