Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы жасанды интелект ғылымына арналған қысқы мектеп өз жұмысын бастады

19 ақпан 2026 6
Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы жасанды интелект ғылымына арналған қысқы мектеп өз жұмысын бастады

2026 жылдың 18 ақпанында Алматы қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратында «Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы ЖИ ғылымы» тақырыбындағы XIII Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан, Қытай, Йемен, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстаннан келген студенттер мен зерттеушілер қатысты. Бағдарлама аясында жасанды интеллект дәуіріндегі коммуникация этикасы мен құндылықтары, сондай-ақ медиапедагогика бағытындағы оқу модульдері қамтылған.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан қысқы мектептің биылғы отырысы ЮНЕСКО бастамасымен белгіленген Дүниежүзілік радио күніне арналды. Кездесу барысында цифрлық радиотехнологияларды қолдану саласында халықаралық білім мен практикалық тәжірибе алмасу жоспарланған. Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық коммуникациялар департаменті және Орталық Азия–Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы бар. Халықаралық деңгейдегі жиынды саяси ғылымдар докторы, Абай университетінің профессор-зерттеушісі Гүлмира Сұлтанбаева жүргізді.

Дүниежүзілік радио күніне арналған ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық ғылым академиясы атынан Білім және қоғамды дамыту ғылымдар орталығының басшысы Жеңісбек Төлен сөз сөйлеп, медиа саласын жаңа технологиялармен ұштастырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы әрі БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек және басқа да танымал сарапшылар халықаралық қысқы мектептің рөліне, сондай-ақ медиа кеңістікте жасанды интеллектіні қолданудың ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.

Шара барысында ҚазҰПУ профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның ғылыми жетекшілігімен және бірқатар ғалымдардың авторлығымен жарық көрген алты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл еңбектер қазірдің өзінде сарапшылар тарапынан жоғары бағалануда.

Қысқы мектеп аясындағы шеберлік сабақтары, тренингтер, сыни талдау мен пікірталас алаңдары он күн бойы жалғасады. Қатысушылар бағдарламаның модульдері бойынша білімін онлайн және офлайн форматта жетілдіреді.

НАН РК