ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДА АЛТЫН ОРДА МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУ БОЙЫНША ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ КЕҢЕС ӨТТІ
2026 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында Алтын Орда мен Жошы Ұлысы мұрасын зерттеу бойынша ғылыми-сараптамалық кеңестің отырысы өтті.
Отырысқа гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, отандық жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Кеңес жұмысына «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сабитов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжан, Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы, Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай, Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, түркітанушы ғалым, ҰҒА құрметті академигі Ерден Қажыбек, Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих факультетінің деканы Ғабит Кенжебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Кәрібаев пен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері Меруерт Әбусейітова, ҰҒА президентінің кеңесшісі Нұрлан Кенжеахмет және Философия, саясаттану және дінтану институты бас директорының орынбасары Нүркен Айтымбетов, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері Қанай Өмірбек қатысты.
Жиынды ашқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті
А. Күрішбаев Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде Жошы ұлысы тарихына қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіру, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ тарихи, археологиялық, архивтік және гуманитарлық бағыттардағы зерттеулердің басымдықтарын айқындау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ғылыми мекемелердің әлеуетін біріктіріп, ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды.
Отырыста Академияның Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы Ж. Төлен негізгі баяндама жасап, қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Кеңес отырысында үш негізгі мәселе қаралды:
1. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби, тарихи-архивтік, археологиялық және ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жол картасы.
2. Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын зерттеудің 2027–2031 жылдарға арналған жол картасының жобасы.
3. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия және Өзбекстан ғылым академияларының қатысуымен құрылған Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциумның қызметі.
Баяндамашы Алтын Орда мен Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауларын зерделеудегі, ұлттық тарихи сананы нығайтудағы және дала өркениетінің әлемдік тарихтағы орнын айқындаудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Осы бағыттағы ғылыми жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мақсатында Алтын Орда мен Жошы ұлысының мұрасын зерттеу жөніндегі республикалық комиссия құру ұсынылды. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны кешенді зерттеудің басым бағыттарын, іске асыру тетіктері мен күтілетін нәтижелерін қамтитын Жол картасының жобасын келісу мәселесі қарастырылды.
Сонымен қатар, Жол картасының іске асырылуын бақылауды республикалық комиссияға жүктеу, ал Академия жанынан құрылған «Ұлы дала: Тұран өркениеті» жобалық кеңсесіне комиссия жұмысына ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету міндетін беру ұсынылды.
Талқылау барысында қатысушылар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Жапония, Корея Республикасы және Қытайдың жетекші ғылыми мекемелерімен байланыс орнату, бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ аталған елдердің архивтері мен ғылыми қорларында сақталған Жошы ұлысы мен дала өркениетінің тарихына қатысты дереккөздерді зерделеу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиын қорытындысында Алтын Орда мен Жошы Ұлысына қатысты ғылыми жұмыстарды үйлестіру, ұлттық тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсыныстар айтылды. Шара соңында ұсыныстар мен қол жеткізілген келісімдердің негізінде қарар (резолюция) қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынылу жоспарланды. Қарарда келесі мәселелер ұсынылды:
1. Алтын Орда мен Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеу қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауларын ғылыми негізде зерделеу, ұлттық тарихи сананы нығайту және Дала өркениетінің әлемдік тарихтағы орнын айқындау тұрғысынан стратегиялық маңызы бар бастама ретінде танылып, Алтын Орда мен Жошы Ұлысының мұрасын зерттеу жөніндегі республикалық комиссия құру ұсынылды.
2. Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеудің басым бағыттарын, іске асыру тетіктерін және күтілетін нәтижелерін қамтитын Жол картасының жобасы келісілді.
3. Алтын Орда мен Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеу мақсатында жасалған Жол картасын іске асыруды бақылау республикалық комиссияға жүктеу, Академия жанынан құрылған жобалық кеңсе (Ұлы дала: Тұран өркениеті орталығы) комиссия жұмысына ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету ұсынылды.