2026 ЖЫЛҒЫ 24 МАУСЫМДА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДА ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ АКАДЕМИКТЕРІНЕ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

24 маусым 2026 10
2026 ЖЫЛҒЫ 24 МАУСЫМДА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДА ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ АКАДЕМИКТЕРІНЕ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Ғылымға адал қызмет етудің, ұлт денсаулығын сақтауға арналған қажырлы еңбектің және ел дамуына қосылған өлшеусіз үлестің жарқын көрінісіне айналған тағылымды кездесу Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында өтті.
Өмір және денсаулық ғылымдары бөлімшесінің жиынында Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың құттықтауы академиктерге жеткізілді. Сонымен қатар отандық ғылымның өркендеуіне, ғылыми мектептердің қалыптасуына және ұлттық зияткерлік әлеуеттің нығаюына зор үлес қосқан академиктерге Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойлық төсбелгісі табысталды.
Жиынның тағылымды сәттерінің бірі – Академияның сегіз онжылдыққа созылған шежірелі тарихына арналған деректі фильмнің көрсетілімі болды. Фильмде қазақ ғылымының қалыптасу кезеңдері, ел ғылымын әлемдік деңгейге көтерген көрнекті тұлғалардың өнегелі жолы мен ғылыми жетістіктері кеңінен көрініс тапты.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысының жоғары марапаттарына ие болған Ұлттық ғылым академиясының құрметті академиктеріне ерекше құрмет көрсетілді. Денсаулық сақтау мен медицина ғылымын дамытудағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін Валерий Васильевич Бенберинге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Көрнекті ғалым, дәрігер әрі ұстаз Талғат Әшірұлы Момынов «Парасат» орденімен марапатталса, отандық хирургия мектебінің көрнекті өкілі Болатбек Бимендеұлы Баймаханов ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды.
Бұл марапаттар – жекелеген тұлғалардың ғана емес, тұтас қазақстандық ғылым мен медицинаның мерейі. Олар ғылым жолын таңдаған жас буынға өнеге болып, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру жолындағы табанды еңбек пен кәсіби адалдықтың мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Ұлттық ғылым академиясы мемлекет пен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қадірлі академиктерді жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, баянды бақ-береке, жаңа ғылыми жетістіктер мен толағай табыстар тілейді.
НАН РК