Зияткер ұлт қалыптастыру парадигмасы

03 шілде 2026 19
Зияткер ұлт қалыптастыру парадигмасы

Қазақ елінің жаңа даму кезеңі ең алдымен стратегиялық бағдарымызды айқындайтын Ата заңнан бастау алады. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғамның ортақ келісімін, ұзақмерзімді даму бағытын, болашаққа деген жауапкершілігін бекітетін басты құжат. Ата заңда ғылым, білім, инновация және адам капиталы мемлекет қызметінің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалуы еліміздің даму философиясындағы сапалық өзгерісті көрсетеді.

Ғылым – елдің стратегиялық қуаты 

Бұл – табиғи ресурстарға тәуелді экономикалық модельден білімге, ғылымға және технологияға сүйенген интеллектуалды мемлекет құруға жасалған тарихи таңдау. Ғылымның конституциялық деңгейде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде бекітілуі ғылыми қауымдастыққа үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктейді. Ендігі міндет – ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтіп, инновациялық экожүйені дамытып, елдің ғылыми-технологиялық егемендігін нығайту.

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Конституцияның мәні мемлекеттік институттарды жетілдірумен ғана шектелмейтінін, оның елдің жаңа даму моделінің құқықтық негізін қалайтынын атап өтті. Бүгінде әлем жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жоғары технологиялық өндірістер дәуіріне қадам басты. Мұндай жағдайда Қазақ елі жаһандық ғылыми-технологиялық үдерістерден шет қалмауға тиіс. Ғылым экономиканың нақты секторымен тығыз байланысып, оның нәтижелері өндірісте, мемлекеттік басқаруда, қоғам өмірінде кеңінен қолданылуы қажет.

Жаңа Конституция айқындаған басымдықтарды іске асыру ең алдымен ғылыми саясаттың жаңа сапасын талап етеді. Ғылым ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, экономиканың технологиялық жаңаруына, өңірлердің тұрақты дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қызмет етуге тиіс.

Мұндай жүйе үш өзара сабақтас бағытқа сүйенеді. Іргелі ғылым – елдің интеллектуалдық егемендігін нығайтады; салалық ғылым – экономиканың нақты технологиялық міндеттерін шешеді; өңірлік ғылым – нақты аумақтардың тұрақты дамуына қызмет етеді. Бұл бағыттар бір-бірінен оқшау дамымауы керек. Керісінше, олар ғылыми білімді білікті кадрларға, жаңа технологияларға, ғылыми болжамдарға және тиімді басқарушылық шешімдерге айналдыратын біртұтас ұлттық ғылыми жүйені қалыптастыруға тиіс.

Іргелі ғылым – мемлекеттің тәуелсіз ғылыми ойлау жүйесінің негізі. Ол әрдайым қысқа мерзімде экономикалық нәтиже бере бермеуі мүмкін. Алайда дәл осы сала ғылыми мектептердің қалыптасуына, жаңа әдістердің дамуына, бірегей деректердің жинақталуына, әлемдік деңгейдегі жаңалықтардың ашылуына жол ашады. Сондықтан іргелі ғылымды қаржыландыруды шығын емес, елдің интеллектуалдық тәуелсіздігіне бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық инвестиция ретінде қарастыру қажет.

Ал салалық ғылым нақты экономи­калық немесе әлеуметтік мәселеден бас­тау алуға тиіс. Су қауіпсіздігі, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, медицина, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, көлік-логистика, экология, сейсмикалық қауіпсіздік пен цифрландыру сияқты бағыттар жалпы ғылыми тұжырымдармен шектелмейді. Олар нақты нәтиже беретін технологиялық шешімдерді талап етеді.

Өңірлік ғылым да жергілікті қоғамның нақты сұранысына барынша жақын болуы қажет. Елдің әрбір өңірінің даму ерекшелігі әртүрлі. Бір өңір үшін су ресурстары мен ауыл шаруашылығы маңызды болса, екіншісі үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану, экология, логистика, урбанизация немесе табиғи апаттардың алдын алу басым болуы мүмкін. Сондықтан ғылым өңірлерге абстрактілі тақырыптармен емес, нақты шешімдермен келуге тиіс.

Осы үш бағыттың тиімді жұмыс істеуі үшін ғылыми басымдықтарды айқындаудың жаңа мәдениеті қажет. Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген жаңа әдіснамалық тәсілдің мәні де осында. Онда басым ғылыми бағыт мемлекеттік ғылыми саясаттың кең стратегиялық шеңбері ретінде қарастырылады, ал мамандандырылған ғылыми бағыт сол шеңбер аясындағы нақты ғылыми мәселені шешуге бағытталған дербес зерттеу саласы ретінде анықталады.

Бұл жүйенің басты қағидаты – дәлелділік. Ғылыми басымдықтар тек сарап­­шылардың жалпы пікірімен немесе жекелеген ведомстволардың мүддесімен айқындалмауы керек. Әрбір бағыт ғылыми деректерге, кадрлық және инфрақұрылымдық әлеуетке, қоғам мен экономиканың нақты сұранысына, күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерге, нәтижелерді енгізу тетіктеріне және қажетті қаржыландыру көлеміне негізделуі қажет. Ал қолданбалы зерттеулер үшін ғылыми нәтижеге нақты сұранысты растайтын әрі оны кейін тәжірибе жүзінде пайдалануға  да­йын бастамашының немесе тапсырыс берушінің болуы маңызды.

Бұл үдерісте Ұлттық ғылым акаде­мия­сының рөлі айрықша. Академия ғылыми-технологиялық форсайт зерт­теулерін жүргізіп, әлемдік техноло­гиялық үрдістерді зерделейді, ұлттық ғылыми басымдықтар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ  ғалымдар, мем­лекеттік органдар, бизнес пен өңірлер арасындағы тиімді өзара іс-қимыл алаңын қалыптастырады. Салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар ғылыми әзірлемелерге деген нақты қажеттілікті айқындап, олардың тәжірибелік маңызын растауға тиіс. Ұлттық ғылыми кеңестер мен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия өз кезегінде ғылыми бағыттардың сапалы қаралуын және мемлекеттік ғылыми саясаттың тиімділігін қамтамасыз етеді. 

Жаңа дәуірдің цифрлық келбеті

Ғылыми саясаттың келесі маңызды бағыты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ғылыми зерттеу­лерге, мемлекеттік басқаруға кеңінен енгізу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жасанды интеллект жаңа экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Сондықтан еліміз әлемдік технологиялық өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, оларды қалыптастыруға қатысатын елдердің қатарында болуға тиіс. Бұл міндетті орындауда ғылымның рөлі ерекше.

Осыған байланысты Президент жанындағы ҰҒА ғылымды басқарудың жаңа цифрлық моделін қалыптастыруға бағытталған DeepBAS жобасын дамытып келеді. Бұл жоба жай ғана ақпараттық жүйе немесе мәтіндік сұраныстарға жауап беретін үлкен тілдік модель емес. DeepBAS – ғылыми негізделген деректерді талдау, болжау және басқарушылық шешімдерді қолдауға арналған ұлттық жасанды интеллект платформасы.

DeepBAS-тың басты ерекшелігі – әртүрлі дереккөздерден алынатын ақпаратты бірыңғай интеллектуалды ортаға біріктіруінде. Платформа Жерді қашықтан зондтау деректерін, ұшқышсыз ұшу аппараттарының мәліметтерін, геоақпараттық жүйелерді, сенсорлардан келетін ақпаратты, салалық деректер қорын, цифрлық егіздерді, сондай-ақ физикалық және математикалық модельдерді кешенді түрде пайдаланады. Мұндай архитектура нақты уақыт режімінде жағдайды бағалауға, үдерістердің даму динамикасын талдауға, тәуекелдерді болжауға, ықтимал сцена­рийлерді салыстыруға және ғылыми негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Жобаның алғашқы тәжірибелік бағыты ретінде DeepBAS Water Agent – су ресурс­тарын басқаруға арналған интеллектуал­ды агент әзірленуде. Бұл кездейсоқ таңдау емес. Су қауіпсіздігі бүгінде еліміз үшін де, жалпы Орталық Азия үшін де өзекті стратегиялық мәселенің бірі. Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, трансшекаралық өзендер ағынының өзгеруі және су тұтынудың артуы ғылыми негізделген жаңа тәсілдерді талап етеді.

DeepBAS архитектурасының тағы бір маңызды артықшылығы – оның әмбебаптығы. Болашақта осы платформа негізінде ауыл шаруашылығы, экология, энергетика, геология, көлік инфрақұрылымы және төтенше жағдай­лар салаларына арналған салалық жасанды интеллект агенттерін дамыту жоспарланып отыр. Олар бірыңғай цифрлық экожүйеде жұмыс істегенімен, әрқайсысы өз саласының ерекшеліктеріне сәйкес нақты міндеттерді шешуге бағытталады. Бұл – бір-бірінен оқшау жұмыс істейтін цифрлық сервистерден ұлттық қолданбалы жасанды интеллект экожүйесіне көшудің жаңа кезеңі.

Цифрлық ғылымның дамуы халық­аралық ғылыми-технологиялық ынты­мақтастықпен тығыз байланысты. Президент әрдайым еліміздің ғылым мен технология саласында нақты нәтижеге қол жеткізуі үшін әлемнің озық ғылыми жетістіктерін игеріп, оларды ел экономикасына тиімді трансферттеудің маңызын атап өтеді. Бүгінде ғылымға және жоғары технологияларға инвес­тиция салу, халықаралық әріптестікті кеңейту және жаңа технологияларды ел игілігіне бейімдеу ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының біріне айналды.

Осы бағыттағы маңызды бастаманың бірі – отандық делегацияның Үрімші қаласында өткен «Таньюй» Қытай – Орталық Азия кеңістіктік-уақыттық зияткерлік спутниктік желісінің таныстырылымына қатысуы. Бұл жоба Орталық Азия елдері үшін су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі, мұздықтарды ба­қы­лау, ауыл шаруашылығы, табиғи апаттардың алдын алу және трансшека­ралық инфрақұрылымды мониторингілеу сияқты ортақ мәселелерді заманауи технологиялар негізінде шешуге мүмкіндік береді.

Еліміз үшін мұндай ынтымақтас­тықтың тәжірибелік маңызы зор. Спутниктік деректерді DeepBAS сияқты ұлттық жасанды интеллект платформаларымен ықпалдастыру табиғи ресурс­тарды тиімді басқаруға, тәуекелдерді дәл болжауға және ғылыми негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға жаңа мүмкіндік ашады. Осылайша, халықаралық ғылыми интеграция тек жаһандық білім кеңістігіне қосылу емес, оның нәтижелерін еліміздің орнықты дамуына, технологиялық жаңғыруына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға пайдалану құралына айналады.

Осы логиканың тағы бір маңызды бағыты – Алатау қаласын (Alatau City) ғылымға негізделген «ақылды қаланың» ұлттық моделіне айналдыру жобасы. Бұл бастама қаланы Шэньчжэнь қаласының цифрлық даму үлгісіне сүйене отырып дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қаланың цифрлық егізін жасау, интеллектуалды инфрақұрылымды қалыптастыру, экологиялық мониторинг жүйесін дамыту, зияткерлік көлік жүйесін құру және барлық қалалық қызметтерді біріктіретін «Қалалық ми» (City Brain) басқару орталығын іске қосу көзделген.

Жаңа Конституция отандық ғылым­ның алдына айқын стратегиялық міндет қойып отыр: ғылым адамға, мемлекетке, елдің болашағына қызмет етуі қажет. Іргелі ғылым интеллектуалдық егемендікті нығайтуы, салалық ғылым экономиканың нақты технологиялық мәселелерін шешуі, ал өңірлік ғылым аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуі қажет. Цифрландыру мен жасанды интеллект ғылымды, деректерді және мемлекеттік басқаруды өзара сабақтастыратын негізгі тетікке айналуға тиіс.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті

НАН РК