Ұлттық ғылым академиясы жанынан «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ашылды
2026 жылдың 25 ақпанында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ресми түрде ашылып, «Орталық Азия мұраты» атты алты кітаптан тұратын ғылыми-сараптамалық топтамасының тұсаукесері өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – халықаралық қатынастар саласындағы зерттеулерді институционалдық тұрғыда жүйелеу, Орталық Азияға қатысты ғылыми талдаулардың сапасын арттыру және өңірлік зияткерлік диалогты тұрақты ғылыми ынтымақтастық деңгейіне көтеру. Сонымен қатар, ғылыми ойды жүйелі, тәуелсіз және терең дамыту арқылы мемлекетке стратегиялық, ұтымды шешім қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделген.
Салтанатты жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті А. Күрішбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің саяси тобының жетекшісі А.А. Аренов, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық коммуникациялар департаменті Өкілдігінің басшысы Властимил Самек, Тұран университетінің ректоры, ҚР университеттер қауымдастығының президенті Р.А. Алшанов сөз сөйлеп орталықтың маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, шараға Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстанның консулдары мен дипломатиялық өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық мүшелері және жетекші сарапшылар қатысты.
Іс-шара аясында «Орталық Азия мұраты» ғылыми-сараптамалық топтамасына енген 6 кітаптан тұратын басылымдар таныстырылды: Д.Қ. Жекенов – «Орталық Азия мұраты» монографиясы, А.Е. Мухаметжан – «Қырғыз Республикасы», Г.А. Апсаттарова – «Өзбекстан Республикасы», О.А. Байсалбек – «Түрікменстан», Б.Б. Сариева – «Тәжікстан Республикасы», Ф.А. Қыдырбек – «Қытай – Орталық Азия қатынастары: талдау және жылнама».
Орталықтың ашылуында сөз сөйлеген Академия президенті А. Күрішбаев өз сөзінде: «Бұл бастаманың болашаққа бағытталған маңызды қадам екенін атап өтіп, ғылыми ой тек жүйелі, тәуелсіз және терең болған жағдайда ғана мемлекетке стратегиялық шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Орталық өз қызметінде тек теориялық зерттеулермен шектелмей, нақты экономикалық және әлеуметтік процестерді талдау арқылы мемлекет пен қоғамға нақты ұсыныстар беретін ғылыми-практикалық алаңға айналуы тиіс. Мұнда жас зерттеушілер мен тәжірибелі мамандардың әлеуеті біріктіріліп, аймақтық және халықаралық деңгейде беделді ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Орталықтың жұмысы Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми диалогты нығайтып, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосатын стратегиялық зерттеулердің тұғырына айналатындығын, бұл Қазақстанның ғылыми әлеуетін ғана емес, зияткерлік еркіндік пен деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетін де жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екендігін атап өтті».
Іс-шара өңірлік ғылыми ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған институционалдық бастамалардың нақты көрінісіне айналды. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды дамыту, тәжірибе алмасу және ғылыми байланыстарды нығайту бағытындағы өзара іс-қимыл жалғасатын келісілді.