ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫ ЖАНЫНДА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ҚҰРЫЛДЫ.

02 қазан 2026 49
ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫ ЖАНЫНДА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ҚҰРЫЛДЫ.
Алматы қаласында ашылған жаңа институт отандық ғылымның, авиация саласының және халықаралық серіктестердің ғылыми-технологиялық әлеуетін біріктіріп, саланың өзекті қолданбалы және технологиялық міндеттерін шешуге бағытталған. Авиация ғылымын дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынған бұл бастама Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрлігінің қолдауына ие болды.
Ғылыми-зерттеу институтының қызметі жаңа инфрақұрылым құруға емес, қолданыстағы ғылыми әлеует пен мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға негізделген. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев жобаның негізгі миссиясы іргелі ғылымды азаматтық авиацияның практикалық қажеттіліктерімен ұштастыру екенін атап өтті. Осы мақсатта еліміздің жетекші ғылыми орталықтары бірлескен жұмысқа тартылады:
• Ақпараттық және есептеу технологиялары институты жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау және цифрлық технологиялар саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
• Ядролық физика институты материалдарды диагностикалау және авиациялық конструкцияларды бұзбай бақылау әдістері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
• Жану проблемалары институты мен Д.В. Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институты тұрақты авиациялық отынды зерттеу және әзірлеу бағытында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту институт қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағыт аясында Азаматтық авиация академиясының базасында Қытай азаматтық авиация университетімен бірлескен «Азаматтық авиация қауіпсіздігі және зияткерлік технологиялар» зертханасы құрылды. Зертхананы құру туралы келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Шанхай қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылды. Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі басқармасының төрағасы Майкл Дэниелдің атап өтуінше, мұндай бірлескен жобалар Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және практикаға енгізу жөніндегі ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамеков жаңа модельдің тиімділігі қол қойылған меморандумдар санымен емес, нақты ғылыми жобалардың іске асырылуы және бірлескен жұмыс топтарының қызмет нәтижелерімен айқындалатынын атап өтті. Ғылыми-зерттеу институты қызметінің нәтижелілігі ғылыми жарияланымдар мен патенттер санымен қатар, практикалық нәтижелер негізінде бағаланатын болады. Атап айтқанда, азаматтық авиацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа әдістемелер мен технологиялық шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және практикаға енгізу негізгі нәтижелілік көрсеткіштерінің бірі болмақ.
НАН РК