Ғылым мен индустрия форсайты

14 сәуір 2026 28
Ғылым мен индустрия форсайты

14 сәуір, Satbayev University-де Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының қатысуымен ғылымды, индустрияны және инновацияны тоғыстырған ғылыми-технологиялық форсайт-сессиялар мен хакатондардың жұмысы ашылды.

Бұл жай ғана сараптамалық кездесулер тізбегі емес, ғылыми ойдың экономиканың нақты секторының сұранысына тікелей жауап беретін өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Бір алаңда Қазақстанның негізгі салаларының болашағын айқындай алатын шешімдерді бірлесіп іздеу үшін жетекші ғалымдар, сарапшылар, бизнес, өнеркәсіп және технологиялық қауымдастық өкілдері бас қосты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттер аясында өтті. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай жиын барысында экономиканы жедел цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын негізгі салаларға кеңінен енгізу, орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен проактивтілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

  • Іс-шара жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Валериевна Шевченко қатысты. Бұл аталмыш шараның жоғары мәртебесін және ғылым мен нақты сектор арасындағы ықпалдастықты нығайтудағы маңызын айқындай түсті.
  • Талқылау өзегінде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, жоғары технологиялық бағыттарды дамыту, жаңа буын кадрларын даярлау және қазіргі экономикалық әрі технологиялық сын-қатерлерге жауап беретін бәсекеге қабілетті шешімдер әзірлеу мәселелері болды.
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті атап өткендей:
  • «Бүгінде ғылым уақыт талабына жауап беріп қана қоймай, білімді, технологияларды және экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін тоғыстыра отырып, болашақтың күн тәртібін де қалыптастыруы тиіс».
  • Дәл осындай бастамалар Қазақстанның қуатты ғылыми-инновациялық экожүйесінің өсу нүктесіне айналып, технологиялық серпіліске, адами капиталды дамытуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
НАН РК