Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен АҚШ Ұлттық ғылым академиясы арасындағы кездесу туралы

19 қараша 2025 7
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен АҚШ Ұлттық ғылым академиясы арасындағы кездесу туралы

«Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен АҚШ Ұлттық ғылым академиясының (NASEM) өкілдері арасында жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуге ҚР ҰҒА Президенті, профессор Ақылбек Күрішбаев, Академияның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ NASEM делегациясы қатысты. Делегацияны Халықаралық желілер, ынтымақтастық және қауіпсіздік офисінің атқарушы директоры доктор Вон Тюрекян бастады.

АҚШ тарапынан кездесуге Джефф Мартин (Silicon Valley, АҚШ), басқарушы директор, және Джон Макгрегор, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының саяси-экономикалық бөлім басшысының орынбасары қатысты.

Кездесу барысында тараптар академиялардың құрылымы мен басымдықтарын таныстырып, одан әрі ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе ғылыми дипломатияны дамыту және Авраам келісімдері шеңберінде NASEM жүзеге асырып жатқан бастамаларға, соның ішінде AASPIRE бағдарламасына ерекше назар аударылды. Аталған бағдарлама серпінді зерттеулер мен инновациялар жүргізуге арналған «тестілік алаңдар» құруды көздейді.

Тараптар келесі басым ғылыми бағыттар бойынша ынтымақтастық әлеуеті жоғары екендігін атап өтті:

– денсаулық сақтау және медициналық технологиялар;
– энергетика және көлік;
– ауыл шаруашылығы және агротехнологиялар;
– су және табиғи ресурстар;
– ғарыш ғылымы және астрономия.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді ғылыми әріптестікті дамытуға келісті. Ынтымақтастық келесі бағыттарды қамтиды:

– екі ел зерттеушілері арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында онлайн және офлайн семинарлар мен ғылыми воркшоптарды тұрақты өткізу;
– басым салалар бойынша ортақ ғылыми мүдделерді анықтауға бағытталған тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыру;
– бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге жағдай жасау.

Кездесу тұрақты диалогты қолдау және ғылымды, инновацияларды және жас зерттеушілер буынын дамыту мүддесінде ғылыми ынтымақтастықты нығайту жөніндегі өзара келісіммен аяқталды.

НАН РК