ҚР ҰҒА ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ҰСЫНДЫ
2026 жылғы 1 шілдеде Жетісу облысы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда өңірлік ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өңірдің негізгі серіктесі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы өңірлік форсайт жүйесін енгізу және экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағдарланған ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру арқылы ғылымды дамытудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко қазіргі кезеңде ғылым өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тиімді практикалық құралға айналуға тиіс екенін атап өтті.
«Ғылыми-технологиялық дамудың басқарылатын жүйесіне көшу ғылым, бизнес және жергілікті атқарушы органдардың тығыз өзара іс-қимылынсыз мүмкін емес. Өңірлік форсайт нақты технологиялық сын-қатерлерді айқындауға, оларды ғылыми жобаларға трансформациялауға және ғылыми нәтижелерді нақты экономикаға енгізуге мүмкіндік береді», – деді Елена Шевченко.
Е.В. Шевченконың айтуынша, бүгінде Ұлттық ғылым академиясы ғылыми зерттеулерді абстрактілі бағыттар бойынша емес, өңірлердің, салалардың және кәсіпорындардың нақты сұраныстарына негіздей отырып қалыптастыратын біртұтас жүйені құруда. Мұндай тәсіл ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдетуге және өңірлік экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық ғылым академиясының әдіснамалық қолдауымен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Өңірлік форсайт орталығын құру мәселесін пысықтау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Жетісу облысы ғылымын дамытудың басым бағыттары бекітіліп, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми-техникалық тапсырмаларды әзірлеу жұмыстары басталды.
Бүгінде ғылым өңірлердің тұрақты дамуының басты қозғаушы күштерінің біріне айналуда. Ал Ұлттық ғылым академиясы, жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындары және бизнес арасындағы әріптестік Қазақстанның ғылыми-технологиялық және инновациялық дамуының жаңа моделін қалыптастырудың берік негізі болмақ.