Қазақстан генетиктер мен селекционерлер қоғамының Бірінші Республикалық конференциясы – «KOGIS-2026» өтті
2026 жылғы 13-15 мамыр аралығында «Семей медицина университеті» КЕАҚ (СМУ) базасында Қазақстан генетиктер мен селекционерлер қоғамының тарихи Бірінші Республикалық конференциясы – «KOGIS-2026» өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен құрылған «Қазақстан генетиктер мен селекционерлер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл ауқымды ғылыми іс-шара жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтіп, еліміздің жетекші ғалымдарының, академиктері мен жас зерттеушілерінің басын қосты.
Конференцияға қатысушыларға ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев бейнеүндеу форматында құттықтау сөз арнап, елдің биологиялық, азық-түлік және медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі генетикалық зерттеулердің стратегиялық рөлін атап өтті. Сондай-ақ делегаттарға «СМУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры, профессор Алтай Дюсупов, Абай облысы әкімінің ғылым жөніндегі кеңесшісі Жанар Құрманғалиева және ҚР ҰҒА құрметті академигі, профессор Рахметкажы Берсімбаев жылы лебіздерін білдірді.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы заманауи ғылымның негізгі және ең перспективалы бағыттарын қамтып, келесі секциялар бойынша бөлінді:
- Адам генетикасы
- Өсімдіктер генетикасы мен селекциясы
- Жануарлар генетикасы мен селекциясы
- Микроорганизмдер генетикасы
Пленарлық отырыс барысында қазақстандық ғылыми мектептердің озық жетістіктерін көрсететін терең мазмұнды баяндамалармен ҚР ҰҒА-ның толық мүшесі - академиктері сөз сөйледі: «ҚГСҚ» РҚБ Төрағасы Ерлан Тұрысбеков (дәнді дақылдардың заманауи селекциясының міндеттері мен перспективаларын баяндады), Мұхит Орынбаев (баяндамасын жануарлар ауруларының молекулалық эпидемиологиясына арнады) және ҚР ҰҒА құрметті академигі Әбдірахман Омбаев (ордабасы қой тұқымын алудың селекциялық-технологиялық аспектілері туралы айтып берді).
Конференцияның диалог алаңдарында медициналық геномика, палеогенетика, биоинформатика және агробиотехнология саласындағы бірегей зерттеу нәтижелері таныстырылды. Үш күндік жұмыстың ең маңызды нәтижесі — Қазақстан Республикасындағы іргелі және трансляциялық генетикалық зерттеулердің 2028–2030 жылдарға арналған орта мерзімді перспективадағы басым бағыттарын бірлесе айқындау және бекіту болды.
ҚГСҚ-ның Бірінші Республикалық конференциясын өткізу отандық академиялық ғылымның қуатты шоғырландырушы әлеуетін көрсетті және білім беруді, іргелі зерттеулерді, клиникалық әрі ауыл шаруашылығы практикасын интеграциялаудың нақты бағдарларын белгілеп берді.