Зияткер ұрпақтың заманы туды egemen.k
Әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Қазір елдің шынайы артықшылығын оның адам капиталы, ғылыми ойының тереңдігі, жаңа білімді нақты шешімге айналдыра алу қабілеті айқындайды. Ал жастар тәрбиесі мен ғылымды дамыту – ұлт болашағын қалыптастыратын біртұтас стратегиялық бағыт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті. Бұл – білім беру жүйесіне ғана емес, бүкіл ғылыми қауымдастыққа жүктелген үлкен міндет.
Еліміздегі жаңғырудың рухани өзегінде «Адал азамат» қағидаты тұр. Адал азамат – заңды сыйлайтын, білімді, отаншыл, жауапкершілікті сезінетін, адал еңбегімен табысқа жететін тұлға. Бұл – жалаң ұран емес. Ол әр адамның күнделікті мінез-құлқынан, еңбек мәдениетінен, қоғамдық ортадағы әдебінен көрінуге тиіс.
Президент қоғамда жаңа мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды әркім өзінен бастауы қажеттігін айтып, тазалықты тек сыртқы ұқыптылық емес, «ой-сананың, жан дүниенің тазалығы» деп түсінуге шақырды. Қоғамдық мәдениет адамдардың амандасуынан, бір-біріне құрметінен, өзгенің жеке шекарасына, ортақ кеңістікке әрі тәртіпке қатынасынан басталады. Ішкі мәдениеті қалыптасқан адам ғана білімі мен қабілетін ізгі мақсатқа жұмсайды.
Ғылымдағы адалдық та осы қоғамдық этиканың ажырамас бөлігі. Деректі бұрмаламау, өзгенің еңбегін иемденбеу, жалған нәтиже ұсынбау, пікір алуандығына құрметпен қарау – зерттеушінің кәсіби талабы ғана емес, азаматтық ұстанымы.
Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарты ретінде үнемі атап келеді. Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында еліміз өскелең ұрпақтың игілігі үшін «Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды» құрып жатқанын айтты. Бұл ұстаным мемлекеттің құқық қорғау қызметіне ғана қатысты емес. Ол отбасынан бастап мектепке, университеттен ғылыми зертханаға дейінгі бүкіл қоғамдық қатынастың ортақ нормасына айналуға тиіс.
«Заң мен тәртіп» ұстанымының ғылым үшін де мәні осында. Әділ конкурс, қаржының ашық әрі мақсатты жұмсалуы, зияткерлік меншік құқығының қорғалуы, зерттеу деректерін заңды пайдалану, мүдделер қақтығысын жасырмау – сенімді ғылыми ортаның негізгі шарттары. Жас зерттеуші өзінің қабілеті мен еңбегі әділ бағаланатынына сенген кезде ғана ғылымға ұзақмерзімді кәсіби жол ретінде қарайды.
Жастарды ғылымға баулитын бағдарлама
Президент ғылымға қызығушылықты мектептен ояту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл міндет бір реттік байқаумен немесе үйірмемен шектелмеуге тиіс. Баланың табиғи қызығушылығын зерттеушілік дағдыға айналдыратын тұтас орта қажет. Оқушы бақылау жасап, мәселе қойып, гипотеза ұсынып, тәжірибе жүргізіп, қателігін талдап, қорытындысын дәлелдей білуі керек.
Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясы оқушылар арасында республикалық деңгейде Қаныш Сәтбаев оқуларын өткізе бастады. Бұл – ұлы ғалымды еске алу шарасы ғана емес, баланы ғылымның тірі үдерісіне енгізетін алаң. Жас зерттеуші өз идеясын академиктер мен тәжірибелі ғалымдар алдында қорғап, кәсіби бағдар алып, зерттеу мәдениетінің алғашқы мектебінен өтеді.
Академия жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесі мен оқушылар арасындағы Жас зерттеушілер академиясы осы жұмысты жүйелі арнаға түсіреді. Оқу-ағарту министрлігімен меморандум жасалып, «Зерттеушілер буыны» бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Қазақ тіліндегі «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-көпшілік журналы жарық көріп жатыр. Мұның бәрі мектеп, университет және ғылыми институт арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған.
Академия жанындағы Жас ғалымдар кеңесі жастардың үнін ғылыми-технологиялық саясатқа жеткізетін тұрақты алаңға айналды. Кеңес пәнаралық байланыс орнатып, жаңа бастамаларды ілгерілетіп, жас ғалымдардың құқықтары мен кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар әзірлеуде. «Ғылым жастары» бағдарламасының тұжырымдамасы да осы мақсатта дайындалды.
Біз жастарды дайын ғылыми жүйеге жай қосумен шектелмеуіміз керек. Оларды зерттеу басымдықтарын белгілеуге, бағдарламалар әзірлеуге, сараптама мен шешім қабылдауға қатысатын толыққанды әріптес ретінде қабылдауымыз қажет. Себебі болашаққа арналған ғылымды сол болашақта өмір сүретін ұрпақтың қатысуынсыз құру мүмкін емес.
Қоғамның идеалына айналар тұлға
Ақпарат тасқыны күшейген заманда жас ұрпақтың кімге қарап бой түзейтіні айрықша маңызды. Ғалымның бейнесі зертхана мен ғылыми басылымның аясында қалып қоймауы керек. Ғалым – қоғамға бағыт беретін, күрделі құбылыстың сырын ашатын, шынайы дерек пен болжамның аражігін ажырататын, тәуекелді алдын ала бағалап, елге жаңа мүмкіндік ұсынатын тұлға.
Мемлекет басшысының «Қазір жас ғалымдардың заманы туды» деген сөзі де осы тұрғыдан ерекше мәнге ие. Бұл – жас зерттеушілерге берілген мүмкіндік қана емес, олардың алдына қойылған үлкен жауапкершілік. Ғалым қоғаммен сөйлесе білуі, өз еңбегінің маңызын қарапайым тілмен жеткізе білуі, кейінгі буынға бағыт көрсетуі қажет.
Еліміз тарихында мұндай тұлғаның жарқын үлгісі – Қаныш Сәтбаев. Ол геологиядағы ғылыми ізденісті мемлекеттің экономикалық мүддесімен ұштастырып, Жезқазғанның минералдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан негіздеді, кейін ұлттық академиялық ғылымның негізін қалады. Сәтбаевтың өмір жолы ғылымның құндылығы тек жаңалық ашумен емес, сол білімнің ел игілігіне қаншалықты қызмет еткенімен өлшенетінін көрсетеді.
Форсайт және AI for Science: болашаққа бағдар
Ұлттық ғылым академиясы сараптамалық-кеңестік құрылымнан елдің ғылыми-технологиялық дамуын үйлестіретін ұлттық интеграторға қарай бет бұрып жатыр. Бұл трансформацияның негізгі құралдары – ғылыми-технологиялық форсайт пен Qazaqstan AI for Science парадигмасы.
Форсайт елге болашақта қандай ғылыми құзыреттер, мамандар мен технологиялар қажет екенін алдын ала айқындап, ресурстарды стратегиялық міндеттерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта Академия 75-тен астам өңірлік және салалық сессия өткізіп, 220 перспективті міндетті анықтады, олардың негізінде 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді, 9 облыста форсайт орталықтары құрылды.
Ендігі міндет – форсайтты жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастырып, ғылыми шешімдерді дерек пен дәлелге негіздеу. Кореяның KISTI институтымен бірлесіп құрылған AI SilkNet әлемдік ғылыми жарияланымдар, патенттер, жобалар, кадрлық әлеует пен технологиялық трендтерді талдау арқылы перспективті бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді. Ал Қытай ғалымдарымен бірлесіп дамытылып жатқан DeepBas ғылыми, спутниктік және геоақпараттық деректерді, модельдер мен AI-агенттерді біріктіріп, нақты қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталады. Оның алғашқы бағыты – су ресурстарын басқаруға арналған интеллектуалды агент.
Осылайша, форсайт стратегиялық бағытты айқындайды, жасанды интеллект ғылыми ізденісті жеделдетеді, ал эксперимент пен верификация нәтижесінің сенімділігін қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл ғылымды тек болашақты болжаушы емес, елдің технологиялық дамуын дәлелге сүйене отырып қалыптастыратын күшке айналдырады.
Академияның жаңарған миссиясы
Академияның жаңарған миссиясы жаратылыстану мен технологиялық бағыттармен шектелмейді. Академия жанынан құрылған Халықаралық қатынастар орталығы еліміздің сыртқы саясатын ғылыми-талдамалық тұрғыдан сүйемелдеуге атсалысса, «Ұлы дала: Тұран өркениеті» орталығы мен Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуді үйлестіреді. Бұл құрылымдар ғылымды ұлттық мүддені зерделейтін және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтатын зияткерлік күшке айналдыруға қызмет етеді.
Осы жылы 13 тамызда Жошы ұлысын зерттеудің перспективалық бағыттарына арналған Академияның кеңейтілген отырысы өткізілді. Онда ғылыми зерттеулерді үйлестіру, дереккөздерді цифрландыру, жасанды интеллект негізіндегі зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру және Алтын Орданы кешенді зерттеудің ұзақмерзімді жол картасын әзірлеу міндеттері айқындалды. Тарихи мұраны заманауи технологиямен ұштастыру – өткенді дәріптеу ғана емес, жас ұрпақтың тарихи санасын дәлелді білім негізінде қалыптастырудың жолы.
Ғылымның қоғам алдындағы беделі ең алдымен сенімге сүйенеді. Сенім жоғалған жерде ең озық зертхананың өзі құндылығын жоғалтады. Сондықтан Академия Ғылыми этика кодексін және ЮНЕСКО жанындағы бейінді комитетпен бірлесіп Биоэтика кодексін әзірледі. Қазақстанда ғылыми этиканы дамыту бағдарламасы дайындалып, 44 нақты іс-шара белгіленді.
Қазіргі ғылыми этика плагиатпен күрестен әлдеқайда кең. Ол зерттеуге қатысушылардың құқықтарын қорғауды, деректерді заңды әрі жауапты пайдалануды, мүдделер қақтығысын ашық көрсетуді, жасанды интеллект көмегін дұрыс белгілеуді, зерттеу нәтижесінің қайталануы мен тексерілуін қамтиды. Ғылыми еркіндік жауапкершіліктен бөлек өмір сүрмейді.
Президенттің «Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» деген сөзі ұлттық дамуымыздың анық формуласын береді. Бірақ ғылым өздігінен өркендемейді. Оны білімді, еңбекқор, отаншыл және ар-ұятты биік қоятын адамдар жасайды. Демек, ғылымды дамыту – ең алдымен адамды дамыту.
Біздің мақсатымыз – жастарды дайын мамандыққа ғана бейімдеу емес, әлі шешілмеген мәселені көре алатын, батыл сұрақ қоятын, дәлелмен сөйлейтін және ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға тәрбиелеу. Осындай жас – Адал азаматтың заманауи бейнесі. Ол ұлттық құндылықты жүрегінде сақтайды, әлемдік білімді еркін меңгереді және қабілетін туған елінің игілігіне жұмсайды.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті