«ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ПЕРСПЕКТИВТІ БАҒЫТТАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шара Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі кешенді зерттеудің басым бағыттарын айқындау, ғылыми зерттеулерді үйлестіру және осы саладағы жаңа ғылыми бастамаларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Кеңейтілген отырыстың негізгі мақсаты – Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеудің қазіргі жай-күйін саралау, отандық ғылым үшін перспективті зерттеу бағыттарын айқындау және осы саладағы ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың күш-жігерін үйлестіру.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Онда Жошы Ұлысының тарихын зерттеу қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларын терең танып, ұлттық тарихтың әлемдік тарихнамадағы орнын айқындауда ерекше маңызға ие екені атап өттілген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі кешенді зерделеуге ерекше мән беріп отырғаны айтылған. Жиын отандық және шетелдік ғалымдардың күш-жігерін біріктіріп, іргелі ғылыми зерттеулерді дамытуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев өз сөзінде Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуді жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін алты негізгі бағытқа басымдық беру қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Жошы Ұлысын зерттеу және ғылыми жұмыстарды үйлестіру жөніндегі республикалық жұмыс тобын құру, тарихи мұраны цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру, перспективті ғылыми бағыттарды айқындап, мамандандырылған басым бағыттарға енгізу, флагмандық ғылыми бағдарламаларды әзірлеу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Жошы Ұлысын зерттеу жөніндегі кешенді жол картасын әзірлеу ұсынылды. Бұл бастамалар ғылыми зерттеулерді жүйелеуге, отандық және шетелдік ғалымдардың әлеуетін біріктіруге және Жошы Ұлысының әлемдік өркениет тарихындағы орнын ғылыми тұрғыдан тереңірек зерделеуге бағытталған. Ұлттық ғылым академиясы осы бағыттағы барлық ғылыми бастамалардың үйлестірушісі ретінде ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып, аталған міндеттерді жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті.
Отырысқа Жошы Ұлысының тарихы мен тарихи-мәдени мұрасын зерттеп жүрген Қазақстанның жетекші ғалымдары, академиктер мен сарапшылар, сондай-ақ тарих, археология, шығыстану, деректану, генетика және палеонтология салаларының мамандары мен жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті ғылыми бағыттары айқындалып, ғылыми жобаларды үйлестіру, цифрлық зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, осы бағытта іске асырылып жатқан ғылыми жобалардың өзара ықпалдастығын күшейту және ұзақ мерзімді кешенді ғылыми бағдарламаларды қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар ортаға салынды.